Қазақстан сәулетіндегі британдық қолтаңба: «Пирамидадан» Алматыдағы музейге дейін
АСТАНА. KAZINFORM – Британ сәулетшілері Астана мен Алматыдағы бірқатар танымал нысанды жобалауға атсалысқан. Олардың қатарында Бейбітшілік және келісім сарайы, «Хан Шатыр» және Алматыда кейінгі жылдары ашылған мәдениет нысандары бар. Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксворти Астанада өтіп жатқан ARCHICA халықаралық сәулет форумында британдық сәулетшілердің Қазақстан қалаларының келбетін қалыптастыруға қосқан үлесі туралы айтты.
Дипломаттың айтуынша, бүгінде екі ел арасындағы әріптестік ауқымы кеңейіп келеді. Бүгінде бұл әріптестік қоғамдық кеңістіктерді дамыту, қалаларды жоспарлау және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында жалғасып келеді.
– Меніңше, Астанаға алғаш келген әрбір адам оның сәулетіне таңғалады. Мұнда сәулетшілерге өз қиялын жүзеге асыруға толық еркіндік берілгендей әсерде қаласың. Астана елдің даму бағытын айқын көрсетеді әрі шетелдіктердің Қазақстан туралы бұрыннан қалыптасқан түсінігі мен стереотиптерін бұзады, - деді Салли Аксворти.
Астанадағы британ сәулетшілерінің қолтаңбасы
Елші елордадағы британдық сәулет өнерінің ең танымал үлгілерінің бірі ретінде Пирамида аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайын атады. Ғимаратты британдық Foster + Partners бюросы жобалаған. Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтеді. Салли Аксвортидің айтуынша, Пирамиданың сәулеті диалогтың, толеранттылық пен халықаралық ынтымақтастықтың символына айналды.
– Астанадағы Foster + Partners бюросының тағы бір белгілі жобасы – «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы. Ғимараттың пішіні қазақтың дәстүрлі көшпелі тұрмысын еске түсіргенімен, елорданың заманауи келбетімен үйлесіп тұр. Сондай-ақ, британдық сәулетшілер жобалаған нысандардың қатарында Қазақстан Ұлттық банкінің ғимараты да бар. Оның жобасын Zaha Hadid Architects әзірледі. Сәулетшілер ғимараттың жобасын жасағанда қазақ даласындағы жартастар мен биік құздардың бейнесінен шабыт алды, - деді елші.
Шарыннан шабыт алған сәулетшілер және жаңарған «Целинный»
Дипломат бұл нысандардың барлығына ортақ бір ерекшелік барын атап өтті. Сәулетшілер жергілікті табиғат пен дәстүрді негізге ала отырып, оларды заманауи үлгіде ұсынған.
– Соңғы жылдары британдық сәулетшілер Алматыдағы жаңа мәдениет нысандарын салуға да белсенді араласып жүр. Соның бірі – Almaty Museum of Arts. Музейді британдық Chapman Taylor сәулет бюросы жобалады. Бұл жобада да Қазақстан табиғатының ерекшеліктері ескерілген. Ғимараттың сәулеттік шешіміне Шарын шатқалы арқау болды, - деді ол.
Сонымен қоса елші «Целинный» заманауи мәдениет орталығына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, кеңес дәуірінен қалған белгілі ғимаратты жаңарту жобасымен британдық сәулетші Асиф Хан айналысқан.
– Қайта жаңғыртудан кейін бұрынғы кинотеатрдың сәулеттік келбеті өзгеріп, толқын тәрізді ерекше қасбет пайда болды. Сәулетші ғимараттың тарихпен байланысын сақтауға тырысқан. Сонымен бірге жобаға қазақ дүниетанымындағы кеңістік, аспан мен жер арасындағы тепе-теңдік туралы ұғымдарды енгізген, - деді ол.
Британдық сәулет компаниялары Қазақстандағы ірі коммерциялық нысандарды жобалауға да қатысқан. Солардың бірі – Астанадағы Mega Silk Way сауда және ойын-сауық орталығы. Оны Chapman Taylor бюросы жобалаған. Салли Аксворти мұндай жобалар сәулет арқылы тұрғындарға жайлы орта қалыптастырып қана қоймай, бизнестің дамуына да қолайлы жағдай жасауға болатынын көрсететінін айтты.
Оның сөзінше, бүгінде екі елдің бұл саладағы ынтымақтастығы жекелеген ғимараттарды жобалаумен шектелмейді. Қаланы жоспарлау, ландшафт дизайны, қоғамдық кеңістіктер, жасыл инфрақұрылым және тұрғындардың қажеттілігіне бейімделген орта қалыптастыру мәселелеріне көбірек көңіл бөліне бастады. Мәселен, британдық LDA Design және Gillespies бюролары қазақстандық серіктестерімен бірге қоғамдық кеңістіктерді дамыту жобаларына қатысып жүр.
«15 минуттық қала» қағидасы
Бұдан бөлек, Салли Аксворти Қазақстан қалаларының сәулеттік мұрасына да тоқталды. Оның пікірінше, Алматы, Қарағанды және Таразда кеңес кезеңінде қалыптасқан жақсы қала құрылысы үлгілері сақталған. Елші сол кезеңдегі ықшамаудан қағидаты қазіргі «15 минуттық қала» тұжырымдамасымен үндесетінін атап өтті. Бұл тұжырымдама бойынша адамға күнделікті қажет негізгі қызметтер мен инфрақұрылым үйінен алыс болмауға тиіс.
– Меніңше, өмір сүруге жайлы қала құру идеясы Қазақстанның өз болмысында бар. Осы мұраны бірге жаңғыртып, алдағы уақытта оның заманға сай үлгілерін жасай аламыз деп үміттенемін, - деді Салли Аксворти.
Соңғы жылдары Ұлыбритания елшілігі екі елдің сәулетшілері, қала жоспарлаушылары, девелоперлері мен қала басшылығы арасындағы байланысты дамытуға қолдау көрсетіп келеді. Осы мақсатта бизнес-миссиялар мен кәсіби тәжірибе алмасу шаралары ұйымдастырылып, қазақстандық делегациялар Ұлыбританияға барып, ондағы қалаларды дамыту және ескі аудандарды жаңғырту тәжірибесімен танысып жүр.
Салли Аксвортидің айтуынша, осы аптада Лондоннан Астанаға 20 британдық компанияның өкілдері келген. Елші мұны британдық бизнестің Қазақстанмен сәулет және қала құрылысы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылығы жоғары екенін көрсететін белгі деп бағалады.
– Британдық компаниялардың тәжірибесі халықаралық деңгейде мойындалған. Ал Қазақстанда әлемдік деңгейдегі қалалар салуға деген жігер, үлкен мақсат пен батылдық бар. Осы екі мүмкіндік тоғысқанда мықты серіктестік қалыптасады, - деді елші.
Қазіргі таңда елордада ARCHICA халықаралық сәулет форумы Астанада өтіп жатыр. Іс-шараға түрлі елден сәулетшілер, урбанистер, дизайнерлер, девелоперлер және сала мамандары жиналды. Форум Астана қаласы әкімдігінің, Ұлыбритания және Нидерланд үкіметтерінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Айта кетейік, бұған дейін климаттың өзгеруі қалаларды жоспарлау мен құрылыс саласына жаңа талаптар қойып отырғаны туралы жазған едік.