«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» аясында айтарлықтай ілгерілеу бар - Айна Мысырәлімова
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі жылдары елімізде мемлекеттік деңгейде бірқатар маңызды бағдарламалар мен бастамалар, жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда бұл қадамдардың өңірлерге әсері жайында Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімованың пікірін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

- Айна Ермекқызы, елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына ерекше екпін қойылған. Осы бағытта ілгерілеу бар ма?
- Бұл бағытта Президент нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Атап айтқанда, маңызды міндеттердің орындалмауы, халықтың уәжін естімей қалуы сияқты жағдайлар белең алғаны байқалды. Осы тапсырма негізінен мемлекеттік органдарға арналды. Шенеуніктер алдына келген адамның мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Осы тұжырымдаманың басымдықтары жүзеге асырылып жатқанда, 2019 жылы мемлекеттік органда қызмет етіп жүрдім. Жалпы, кез келген адамның өзіндік көзқарасы, ерекшелігі, жауапкершілігі болады ғой. Мемлекеттік қызметшілердің негізгі бөлігі өз жұмысына жауапкершілікпен қарағанымен, бір бөлігі қызметіне салғырт қарайтынын көріп жүрдік. 30 жыл мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілімде осының бәрін байқадым. Сондықтан жұмыстың нәтижелі болуы жеке адамның өзіне қатысты.
Президенттің осы бағыттағы тапсырмасы жарияланғаннан бері біраз жыл өтті. Осы аралықта мемлекеттік қызметке жаңа буын келді. Атап айтқанда, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» аясында айтарлықтай ілгерілеу мен оңтайлы өзгерістер бар. Бұл ретте күнделікті қадағалау мен заңнамалық реттеу ықпал етті. Сондықтан қызметте «кездейсоқ» жүрген адамдар әлі де кеми түседі деп ойлаймын.
Мәжіліс депутаты ретінде біз жеке қабылдау өткіземіз, сондай-ақ бізге халықтан түрлі мәселе бойынша өтініштер келіп түседі. Олар көбіне зейнетақысын рәсімдей алмағандар, баспана мәселесі, заңсыз жұмыстан шығып қалған адамдардың жағдайына қатысты болады.
- Ақмола облысында бұл бағытта өзгеріс бар ма ?
- Халықпен кездесу кезінде әрбір ауыл тұрғыны депутаттарға өзінің проблемасын айтып келеді. Тұрғындардың біраз мәселесі депутаттардың, әкімдіктің және орталық мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимылының нәтижесінде шешіліп жатыр. Мәселен, қаржы тапшылығы салдарынан кейбір жобалар ескерілмей қалады. Оны келер жылғы бюджетке енгізуге талпынып жатады. Бұл саладағы жұмыстарды саралай келе, халықтың өтінішін орындауда жақсы нәтиже бар. Өзім Ақмола облысының аудандарын аралаған кезде, жобалардың біртіндеп жүзеге асып жатқанын көріп жүрмін. Атап айтқанда, осыған дейін жобалар жүзеге асырылғанымен, нысандардың сапасыз салынғаны жиі болатын. Қазір бұл бағытта жақсы нәтиже баршылық. Жұмысына жауапты мердігерлер де көбейді. Сәйкесінше, аудандарға барған кезде, жеке қабылдауға жазылатын, шағымы көп адамдар азайып жатқанын байқадым. Мұның өзі оңтайлы өзгеріс бар екенін білдіреді, яғни жергілікті әкімдіктер алдына қойған міндетті жауапкершілікпен орындап жатқанын аңғартады. Сондықтан «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын халықта та, шенеуніктер де жақсы түсінді деп ойлаймын. Қазір мемлекеттік органдарға ресми өтініш беретін eOtinish жүйесі де оңтайлы әсер етіп отыр.
- Депутаттық сауалдарға мемлекеттік органдардың жауабын қалай бағалар едіңіз?
- Әрине, біздің сауалдарға сырғытпа жауаптар келетін жағдайлар аз емес. Бірақ оларды да түсінуге болады, себебі жұмыс ауқымына байланысты кейде егжей-тегжейлі қарастыра алмай жатады. Дегенмен, ведомстволар біздің сауалдарға беретін жауаптардың сапасын көтеруі тиіс деп санаймын.
- Жыл соңына қарай депутаттар өңірлерді аралауға шығады. Сол бір апатада Ақмола облысындағы неше ауданға барып үлгересіз?
- Ол кезде 10-ға жуық ауданға баруға тырысамын. Облыстағы елді мекендерді аралаған кезде, «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасының, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы және басқа да бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына ерекше назар аударамыз. Мәжілістің VIII сайланған құрамы 1,5 жылда заңнамаға біраз өзгеріс енгізіп, жол салатын кәсіпорындарға айтарлықтай қолайлы жағдай жасалды. Осы орайда былтыр және биыл елді мекендерде жол мен су инфрақұрылымын тартып жатқан жақсы кәсіпорындарды байқадық. Бизнесте намысы мен жауапкершілігі бар азаматтар баршылық. Дегенмен, кейбір жағдайларда жобаларды қаржыландыру толық болмай жатады, соның салдарынан оларды аяқтау келер жылға шегеріліп отырады. Негізінен, өңірде жол бойындағы ауылдар дамып келеді. Облыстағы бірқатар ауданда туризм саласы мен ауыл шаруашылығын дамытудың мүмкіндігі зор. Астананың жақын тұрғанын ескере отырып, біртіндеп осы елді мекендерге келетін туристер көбейе береді.
- Тұрғындар өз елді мекендерінде қаншалықты белсенді?
- Қазір облыстарда маңызды шешімдерге азаматтар белсенді түрде қатысып жатыр. Кейбір өңірлерде сарапшылық қауымдастықтардың және қоғамдық кеңестердің ықпалы мол. Тұрғындардың өздері елді мекеннің өміріне бей-жай қарамаса, бұл ауылдар гүлдене түсетіні түсінікті. Осы орайда шешім қабылдауда азаматтардың әсері бар екенін көріп жүрміз. Өңірлерге барып келгеннен кейін, біз тиісті талдау жасаймыз. Соның нәтижесінде өзгерістерді байқаймыз.
- Сіз біраз уақыт өңірдегі ішкі саясат және әлеуметтік сала бағытында қызмет еттіңіз. Маман тапшылығы мәселесіне қатысты пікір айтсаңыз?
- Халқымыз баласын мүмкіндігінше жоғары оқу орнына түсіруге тырысады. Бірақ солардың көбі еңбек нарығындағы сұранысы аз мамандықтарды таңдап жатыр. Сондықтан Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Нақты бір кәсіпті жақсы меңгерген жұмысшылар тапшылығы бар. Бұл тұрғыда жұмысшылардың имиджін көтеруге қатысты ауқымды жұмыстарды атқарған жөн. Мәселен, дамыған елдерде жұмысшылардың жалақысы жоғары және осы адамдар қоғамда жоғары бағаланып отыр. Яғни көше тазалығындағы, су тарту, ауыл шаруашылығында және басқа да салалардағы мықты жұмысшыларға жоғары айлық төленеді. Атап айтқанда, колледждерді дамытуға ерекше екпін қою керек. Елімізде білім беру саласына болашақта «Ұлттық қор – балаларға» жобасы да жақсы серпін береді деп ойлаймын. Биыл 1 ақпанда 7 млн-ға жуық балаға 100 доллардан аударылғанын білесіздер. 2025 жылы осыдан жоғары сомада әр балаға қаражат қарастырылады деп ескерілген. Яғни, осы арқылы келешекте кәмелетке толған әр жасқа оқуына қажет қаражат жиналып тұрады. Менің ойымша, ата-аналар осыдан бөлек өздері әр баласында жинақ болғанын қарастыруы керек. Бұл ретте, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі тың серпін береді деген ойдамын. Жастар айына шамалы болса да қаржысын үнемдеп, өзінің жинағына назар аударғаны жөн. Негізі, біз қаржы жинақтау мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Шамаң жетпей жатса, шығыны көп той өткізудің немесе қымбат гаджеттерді несиеге алудың керегі қанша?! Сондықтан балалардың болашағына қаржы жинастыру жағына көңіл бөлген жөн.
- Әңгімеңізге рахмет!