Халықаралық байқау, ән таңдаудағы қорқыныш, тұсаукесер: Әнші ALEM эксклюзив сұхбат берді

АСТАНА. KAZINFORM – Үш күннен кейін Jibek Joly телеарнасының Silk Way Star мегажобасының финалы өтеді. 

Халықаралық байқау, ән таңдаудағы қорқыныш, тұсаукесер: Әнші ALEM эксклюзив сұхбат берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Ақтық сында Азияның ең мықты жеті даусы бақ сынайды. Олар — ALEM, Язмин Азиз, Автандил Абесламидзе, Мишель Джозеф, Чжан Хэ Сюань, Саро Геворгян және Мадинабону Адылова. Финалдық эпизод 22 қарашада сағат 20:00–де тікелей эфирде көрсетіледі. Трансляциялар бір уақытта Қазақстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан және Моңғолияда өтеді.

Жобада қазақстанның намысын белгілі әнші Alem қорғап жүр. Ол k-pop жанрында корей тілінде «Come back home» әнін, синти-поп жанрында аңызға айналған «Take on Me» әнін, рок стилінде 6ELLUCCI тобының «Qara» туындысын орындап, диапазонының кеңдігі, сахнадағы еркіндігі және эмоцияны дәл жеткізе алуы арқылы жобадағы фаворит қатысушының біріне айналды.

Халықаралық байқау, ән таңдаудағы қорқыныш, тұсаукесер: Әнші ALEM эксклюзив сұхбат берді
Фото: Видеодан алынған скрин

— Бұл байқауда әртүрлі жанрда ән айтуға тырыстым. Сахна үнемі шыңдайды, апта сайын жаңа ән іздеп, жаңаша стильде ұсынып, өте көп ізденіс жасадым. Бала кезімнен түрлі байқауға қатыстым ғой, сондықтан осы жобада да өмір бойы жинаған тәжірибемді көрсеттім деуге болады. Ал сіздер жаңа қырымнан танып жатсаңыздар, тіпті керемет! Енді Silk Way Star финалына бұрын-соңды болмаған дайындыққа кірістім, — деді әнші, Silk Way Star қатысушысы ALEM «БҮГІН. Live» бағдарламасында.

Халықаралық байқау, ән таңдаудағы қорқыныш, тұсаукесер: Әнші ALEM эксклюзив сұхбат берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Сонымен бірге, кезекті шығарылымда әнші өзінің жұбайы, танымал модель Вероника Жанғаловамен алғаш рет сахнаға шықты. Онда ALEM «Too sweet» әнін шырқап, экранда естелік фото-видеолар көрсетілді. Ерекше сәт көрерменнің де, қазылардың да жүрегін елжіретті.

— Маған қарағанда жұбайым көп дайындалды. Вероника бірден келісім бермеді, камерадан ұялды. Режиссерлердің қолқа салуымен әрең шықты. Сахнада мен өзімді еркін сезінемін, жұбайымды да күлдіруге, көңілін көтеруге тырыстым. Содан кейін оның да көңілі жайланды, — деп еске алады әнші.

Халықаралық байқау, ән таңдаудағы қорқыныш, тұсаукесер: Әнші ALEM эксклюзив сұхбат берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Silk Way Star сахнасында Моңғолиядан келген өнерпаз Мишель Джозеф өзінің авторлық туындысын қазақстандық рэпер, Ninety One тобының бұрынғы мүшесі A.Z-мен бірге орындаған еді. ALEM бұл дуэтті де жоғары бағалады.

— Дуэтте Эйзидің өз стиліндегі панчтар, сөзбен ұратын жерлері болды. Өте тамаша, жақсы көрем, бұл жігіттің қандай талантты екенін білем ғой. Оның оқу мәнері де, даусы да өте ерекше, сахнада өзін ұстауы керемет. Эйзи тек жарқын эмоциялар шақыра алады. Сондықтан өте қатты қуанышты болдым. Жалпы Ninety One тобындағы балалар маған ән таңдауда ақыл-кеңес беріп отырды, — деді қазақстандық қатысушы.

Халықаралық байқау, ән таңдаудағы қорқыныш, тұсаукесер: Әнші ALEM эксклюзив сұхбат берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Сондай-ақ әнші халық әндерін жаңаша орындаудан аяқ тартатынын, көп эксперимент жасауға қорқатынын мойындады. 

— Халық әндерінің стилін бұзып алам ба деп қорқамын. Көптеген байқауларда әншілер халық әнін өзгерткені үшін көп сынға ұшырап жатады. Басқалардың экспериментін көргенде қызығамын да, өзіме келгенде қорқамын. Сондықтан, Silk Way Star байқауында қатты танымал емес, көп айтылмаған халық әнін іздедім. Композитор Ұшқын Жамалбекке хабарласып, Алтай әндерін сұрадым. «Болсаңшы әнге құмар-ай» деген әдемі туындыны жарыққа шығардық, — деді ALEM.

Халықаралық байқау, ән таңдаудағы қорқыныш, тұсаукесер: Әнші ALEM эксклюзив сұхбат берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Бұдан бөлек, әнші аудиторияны кеңейту үшін ағылшын тілін үйреніп, ағылшынша туындылар шығаруы керегін де айтты. 

Сұхбат соңында танымал әншіге Әлем атты кішкентай балақайдың тұсауын кесу мәртебесі берілді. Әнші Alem мен кішкентай Әлемнің есімдерінің сәйкестігі жай ғана сәйкестік емес. Балақайдың ата-анасы ұлының болашақта Alem-дей азамат болсын деп ырымдап есімін қойған. 

Халықаралық байқау, ән таңдаудағы қорқыныш, тұсаукесер: Әнші ALEM эксклюзив сұхбат берді
Фото: Видеодан алынған скрин

— Бұл мен үшін жауапкершілікке толы сәт болып тұр. Өмірімде алғаш рет тұсау кесу рәсімін жасағалы тұрмын. Енді өзім үшін, ұлым үшін ғана емес, осы кішкентай Әлем үшін де жақсы адам болуға, адал өмір сүруге тырысамын. Тұсау кескен адамның жолын береді ғой. Ең бастысы балақайдың дені сау болсын, — деді әнші. 

Айта кетейік, миллиондаған көрермен жинаған Silk Way Star мегажобасы Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешені мен Қытайдың China Media Group медиакорпорациясы арасындағы келісім аясында жүзеге асырылып келеді.

Халықаралық байқау, ән таңдаудағы қорқыныш, тұсаукесер: Әнші ALEM эксклюзив сұхбат берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Алғашқы азиялық мегажобаның жеңімпазы аралас жүйе бойынша анықталады: 50% қазылар шешімі, 50% — онлайн дауыс беру. Әрбір көрермен silkwaystar.org сайтында өзінің сүйікті қатысушысын қолдай алады.

Соңғы жаңалықтар