Халықаралық сарапшылар қазақстандық реставраторларға дәріс өткізді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстан мен Өзбекстан кітапханаларындағы жазба мұраны сақтау бағытындағы халықаралық жоба аясында тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Жобаның мақсаты – Орталық Азиядағы жазба мұраны сақтау мен қалпына келтіру ісімен айналысатын мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру.
Дәрістерді Грекия мен Түркиядан келген халықаралық сарапшылар жүргізді. Оқытуға Қазақстанның әр өңірінен келген 30 реставратор қатысты. Бес күн бойы қатысушылар көне қолжазбаларды сақтау мен қалпына келтірудің заманауи тәсілдерін, тарихи кітап түптеу ерекшеліктерін зерттеу және жазба мұраларды қалпына келтіру әдістерін меңгерді.
Бұл бастама құнды қолжазбаларды сақтауға, реставраторлардың кәсіби деңгейін арттыруға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін еліміздің қай өңірі кітапхана саны бойынша көш бастап тұрғанын жазғанбыз.