Еліміздің қай өңірі кітапхана саны бойынша көш бастап тұр

АСТАНА. KAZINFORM – 23 сәуірде атап өтілетін Ұлттық кітап күніне орай Қазақстандағы кітапханалар туралы негізгі статистикалық мәліметтер ұсынылды.

Астанада мектеп пен кітапханаларда интернетсіз жұмыс істейтін цифрлық оқу станциялар жұмыс істейді
Фото: Астана қаласының әкімдігі

2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде көпшілікке арналған 3 912 кітапхана жұмыс істеген. Бұл салада 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Кітапханалардың 14-і жекеменшік, ал басым бөлігі – 3 343-і ауылдық жерлерде орналасқан.

Кітапханалардың құрылымына келсек, олардың 3 866-сы әмбебап кітапхана болса, 20-сы ғылыми, 19-ы арнайы және 7-еуі өзге бағыттағы мекемелер. Балаларға арналған 269 кітапхана бар.

Өңірлер бойынша ең көп кітапхана Түркістан облысында тіркелген – 388. Одан кейін Батыс Қазақстан облысы (359), Ақмола облысы (341) және Қостанай облысы (336) орналасқан.

– Еліміздегі кітапханалардың жиынтық қоры 110,3 млн басылымды құрайды, оның ішінде 69,6 млн-ы кітаптар. Ең ірі кітап қоры Алматы қаласында шоғырланған – 37,5 млн басылым. 2025 жылы кітапханаларға келушілер саны 55,2 млн ретке жетті. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр – 5,4 млн. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында – 4,6 млн, Түркістан облысында – 4,1 млн келуші тіркелген, – делінген Ұлттық статистика бюросының дерегінде.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Ұлттық кітап күнімен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар