Халықты ауызсумен 100% қамту жоспары қалай жүргізіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Президенттің жыл соңына дейін халықты ауызсумен 100% қамтамасыз ету туралы тапсырмасы мұқият бақыланып отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов есептік кездесуде айтып берді.
Вице-министр 90 қаланың 73-і орталықтандырылған сумен жабдықталғанын, ал қалған 17-сі 2025 жылдың соңына дейін қамтамасыз етілетінін атап өтті.
— 6 148 ауылдың 5 685-і сумен қамтамасыз етілген, қалған 463 ауыл жоспар бойынша қосылады, ал 255 ауылға орталықтандырылған сумен жабдықтау жобалары жоспарланып отыр. Қалалар мен ауылдардағы сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту жобаларына республикалық бюджеттен 241 млрд теңге бөлінді, — деді Қуандық Қажкенов елордада Конгресс орталықта.
Өткен жылы Президент жолдауы аясында Энергетика және коммуналдық шаруашылық салаларын жаңғыртудың ұлттық жобасы мақұлданды. Ұлттық жобаның негізгі мақсаттарының бірі — шамамен 13 триллион теңге инвестиция тарту арқылы ел бойынша желінің тозуын 40%-ға төмендету.
— Министрлік жалпы құны 1 триллион теңге болатын шамамен 8 мың шақырым сумен жабдықтау және кәріз желілерін жаңғыртуды және 0,8 триллион теңге болатын 45 кәріз-тазарту құрылысы жобасын жоспарлап отыр, — деді Қуандық Қажкенов.
Қазіргі уақытта Атырау, Ақтау, Қарқаралы, Леңгір, Қаражал және Қызылорда қалаларында кәріз-тазарту құрылысы жобаларын қайта құру және құрылыс жұмыстары істеліп жатыр.
Ақтау мен Леңгірдегі кәріз-тазарту құрылысы жобаларын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал Атырау, Қызылорда және Шымкент қалаларында кәріз-тазарту құрылыстары 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, СҚО-дағы Бірлік ауылына қайтарылған активтер есебінен ауызсу тартылды.