СҚО-дағы Бірлік ауылына қайтарылған активтер есебінен ауыз су тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 39 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Ведомство мәлім еткендей, соның бірі — Есіл ауданының Бірлік ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы.
Прокуратура органдары қайтарған активтер арқылы салынған су құбырының құрылысы толық аяқталды. Ашылу рәсіміне аудан прокуроры Т. Салпықов, аудан әкімі М. Мұхамедьяров және ауыл тұрғындары қатысты.
— Желтоқсан айынан бастап құбыр іске қосылып, Бірлік ауылы орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізді. Бұл жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік берді, — делінген хабарламада.
Облыс прокуратурасы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік жобалардың іске асырылуын бақылауды жалғастыратынын хабарлады.
Бұдан бұрын Ақтөбеде заңсыз актив есебінен салынған дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілгенін жазғанбыз.