Халықтың сенімі – әмиян емес: Перизат Қайрат сотында прокурор мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс бойынша тараптардың жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы Мәдина Оразалина сотта сөз сөйлеп, айыптаудың басты ұстанымы – қайырымдылықты жеке бастың мүддесіне пайдалануға жол бермеу екенін айтты.

– Қайырымдылық жеке мүдде үшін пайдаланатын сылтау бола алмайды. Енді бас пайдасы үшін қоғамның әлеуметтік сезімталдығын қолданып қалғысы келгендер мынаны білуі керек: мемлекет бұған көз жұмып қарамайды, ал халықтың сенімі – шексіз емес. Мейірім мен өзгенің қайғысын пайдаға асырудың арасында айқын шекара болуы керек, – деді М.Оразалина.
Прокурордың айтуынша, бұл іс әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды өзін көрсету құралына айналдырғандарға ескерту болуы керек.
– Егер біреу тағы да ізгілік бетпердесін тағып, қазақстандықтардың жомарттығы арқылы пайда тапқысы келсе, оны қошемет емес, сот күтіп тұр. Халықтың сенімі – бренд те, әмиян да емес, бұл аманат. Ал аманатқа қиянат жасаған адам жұртшылық алдында әшкере болады. Қазақстан тарихында шын меценаттар болған – олар көмекті үнсіз, камерасыз көрсеткен, – деп атап өтті мемлекеттік айыптаушы.
Бұған дейін Перизат Қайрат дайын диплом сатып алғысы келген әрекеті туралы жазған едік.
Сондай-ақ куәгер Перизат Қайрат қор қаржысын қалай қолма-қол ақшаға аударғанын айтып берді.
Сот барысында әйгілі әнші, отандасымыз Димаш Құдайбергеннің есімі аталды.
Белгілі болғандай тасқын кезінде Назарбаев зияткерлік мектебінің қызметкерлері 2,9 млн теңге жолдаған.
Істі қарау кезінде Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға қаржы аударған 47 адам жәбірленуші деп танылды.