Халықтың сүйіктісі–2025: Ұлттық сыйлықтың жеңімпаздары анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.


– Биыл қазақстандықтар өз сүйіктілерін осымен 13-ші рет таңдап жатыр. Ұлттық сыйлық 10 номинация бойынша марапатталады. Биыл жаңадан тағы номинация қостық. Ол – «Үздік ғалым» және «Үздік пара спортшы». Дауыс беру екі кезеңнен тұрды, бірінші кезеңде Facebook желісі арқылы, екінші кезеңде «Халықтың сүйіктісі» сыйлығының ресми сайты арқылы жүзеге асырылды, - деді «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының авторы әрі бас ұйымдастырушы Ғалым Байтук.


Салтанатты іс-шараға министрлер, депутаттар, қоғам қайраткерлері мен әртүрлі салада елімізде танымал тұлғалар қатысты.

Үздік атанғандардың арасында отандық спортты дамытуға зор үлес қосқан, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов та бар.

– Спорт – денсаулықтың кепілі. Сондықтан көңіл бөліп марапаттап жатқанына қуаныштымын. 1970 жылы дене шынықтыру институтын бітіріп, ауданда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастап, содан бері 48 жыл спорт саласында еңбек етіп келемін. Ұлттық құраманың жанында болып 8 олимпиадаға, 11 Азия ойындарына, 5 паралимпиадаға қатыстық. Сондықтан еңбегімді елеп жатқанына мың да бір рахмет. Тек қана спорт бойынша ғана емес, әрбір сала бойынша халық өз сүйіктісін таңдап жатыр, - деп қуанышты сәтімен бөлісті Елсияр Қанағатов.


Халықтың сүйіктісі ұлттық сыйлығының жеңімпаздары:
- Үздік дәрігер — Медет Маханбет
- Үздік қоғам қайраткері — Майра Әбенова
- Жыл инвесторы — Роман Павлингер
- «Ақбұлақ» арнайы номинациясы Кирилл Павлов
- «Табыс пен даму» номинациясы — Balapan телеарнасы
- Үздік тележүргізуші — Мөлдір Доспаева
- Түркі мәдениетіне қосқан үлесі үшін — Султан Раев
- Үздік ұстаз — Серік Ниязов
- Үздік спортшы — Елдос Сметов
- Үздік параспортшы — Ақмарал Науатбек
- Жыл меценаты — Ғалымбек Жақсылықов
- Үздік мәдениет қайраткері — Димаш Құдайберген
- Үздік ғалым — Мақсат Жабағин
- Үздік саясаттанушы — Ғазиз Әбішев


Бұған дейін хабарланғанындай, Димаш Құдайберген үздік мәдениет қайраткері атанды.