Халық мұрасы - барлық өнердің бастауы - композитор Жоламан Тұрсынбаев

АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Халық композиторлары Ақан сері. Біржан сал, Үкілі Ыбырайдың елінде бабалар ізімен өнер қуған кәсіби композиторларымыз некен-саяқ. Солардың бірі әрі бірегейі - Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Мереке ауылының түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.Жоламан Тұрсынбаев.

Халық мұрасы - барлық өнердің бастауы - композитор Жоламан Тұрсынбаев

Жоламан Қайменұлы 1974 жылы Алматы консерваториясын, 1978 жылы аспирантураны бітіріп, профессор Анатолий Бычковтың жетекшілігімен алған тақырыбын ойдағыдай қорғап шықты.

1974-1976 жылдары Қазақ радиосында аға редактор, 1978-80 жылдары «Жалын» баспасында музыка саласынан аға редактор, 1981 жылдан «Өнер» баспасында музыка жағынан Бас редактордың орынбасары, одан кейін Қазақ телерадиосының музыка редакцияларының Бас редакторы қызметтерін атқарды. Соңғы жылдары Мәдениет министрлігінде репертуарлық коллегиясының Бас редакторы қызметін атқарды. Еңбек демалысына шыққаннан соң Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында музыка редакторы болып қызмет етеді.

Ол «Күй-симфония», «Альт пен электрлі органға арналған концерт», «Байқоңыр баспалдақтары» ораториясы, «Жайлауда» атты балалар кантатасы шығармаларымен қоса Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін қос дауыста камералық оркестрге және скрипкаға арнап өңдеді. Сондай-ақ композитордың елуден астам лирикалық әндері Қазақ радиосының «Алтын қорынан» берік орын алған әрі әуе толқынынан үзбей насихатталып келеді.

Композитор Жоламан Тұрсынбаевтыың әндерінің ішінде шоқтығы биігі Мақсұтжан Әубәкіровтің өлеңіне жазылған «Қыз қарағай» әні. Бұл ән ақын мен композитордың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповпен Қызылжардағы Жамбыл ауданына қарасты «Елтінжалда» бірге болған кезінде жазылған деседі. «Аулында бар ағаның қыз қарағай» деп басталатын ән Ғабеңнің ауылының табиғатының сұлулығын суреттей білген сәтті туынды.

Әр жеткіншек ес біле алысқа көз тастап, арман құшағына беріледі. Алынбаған асуларды меңгерсем деп алға ұмтылады. Болашақ композитордың Алматыға келгендегі мақсаты асқақ, талабы таудай еді.

Мен Қазақ радиосының алтын қорында сақтау мақсатында композитордан сұхбат алған едім. Енді екеуара болған әңгімеге назар аударайық:

Алтын: Жоламан Қайменұлы, өнер жолына түсуді аңсап келгенде жолыңыз болып консерваторияға бірден түстіңіз. Кімдерге қарап бой түзедіңіз?

Жоламан: Бір ғана айтатын мәселе, біздің өскен кезіміз бір жақсы уақыт еді. Неге десеңіз, ол кезде өкіметтің талабы «оқы, оқы және оқы» деп тегін оқуға шақыратын. Осыған байланысты шама-шарқымыз келгенше оқыдық. Сол себепті сонау Солтүстік Қазақстан облысынан музыкалық біліміміз болмаса да арман қуып келдік. Қолымызда бар болғаны кішкене чемоданымыз ғана болатын. Көңіліміз телегей-теңіз, арман қанатында алып-ұшып жүруші едік. Өнер жолына баулыған Алматы консерваториясы болатын.

Біз ұлағатты ұстаз, белгілі композиторлар Ғазиза Жұбанова, Сыдық Мұхамеджанов, Кенжебек Күмісбеков пен Нұрғиса Тілендиев сынды қазақ өнерінің майталмандарына қарап ой түзедік, бой түзедік.

Мысалы, Кенжебек Күмісбековты алсақ жатса да, тұрса да елім, жерім деп еңіреген жан еді, сол себепті оның жазған шығармалары тыңдаушыны отансүйгіштікке тәрбиелейтін құндылығымен ерекше.

Алтын: Ұстазыңыз Кенжебек Күмісбековтың патриоттық тақырыпқа көбірек баруы сізге ой салды. Сіз жаныңызға жақын тақырып таптыңыз. Міне, көп жыл бойы осы тақырыпқа батыл қалам сілтеп келесіз. «Отан-ана» демекші, өз елі мен жерін сүюге жас ұрпақтарымызды баулуға бірден бір көмек болатын әндеріңіз жайлы біле отырсақ:

Жоламан: Шәмші Қалдаяқов, Әблахат Еспаев, Ескендір Хасанғалиев, Кеңес Дүйсекеевтің әндері уақыт озғанмен маңызын еш жоғалтпайды. Бір жағы талап болса, екінші жағынан қажырлы еңбекпен келген сәтті туындылар.

Еліміз егемендік алған кезде біз өз Отанымызды өнер арқылы, әдебиет арқылы дәріптеуіміз керек, мен соған көбірек көңіл бөлемін. Әндерім мен симфониялық шығармаларымның тақырыбы - Отанға деген шексіз сүйісшіліктен бастау алады.

Алтын: Көкше елін әсем әнімен тәнті еткен Біржан Салдың халқына қалдырған бай мұрасы жайлы жуырда фильм де түсірілді. Композитор Біржан шығармашылығы жайлы не дер екен?

Жоламан: Біржан салдың туғанына 175 жыл толуына орай алты шығармасын оркестрге түсірдім. Оның ішінде «Жонып алды», «Жалғыз арша», «Жаймашуақ», «Бурылтай» «Теміртас», «Ғашығым» әндері өз бояуында қалыпқа түсті. Біржан сал әндері күрделілігі жағынан классикалық туындылар қатарында деу орынды.

Алтын: Алыста жүрген әр азамат туған жерін сағынатыны сөзсіз. Сіздің әндеріңіздің көбі туған жер тақырыбына арналады. Қызылжар елінің қадір-қасиетін ашар тамаша ән - «Есіл бойы Қызылжар», «|Сарыарқа сайран жерім-ай», «Туған жер» әндері. Бұл әндер сіздің сонау бала күндерді аңсататын тәрізді. Туған жер, өскен ел жайлы жазу сіздің кредоңыз болар?

Жоламан: Иә, әр перзент туған елі мен жерін сүйе білу керек. Әр ұрпақ отаншыл болып өссе, еліміздің іргесі берік болатыны сөзсіз. Мен де өткен күнді аңсап, аяулы анам мен ардақты әкемді, ауыл адамдарын сағынамын. Жуырда анамның басына ескерткіш орнатып, ауыл ақсақалдарына ас беріп қайттым. Ауылды сағынып кеткенде жүрек толқиды, сезім ырғақтары нотаға түседі. Әр өнер иесі өз елінің жыршысы емес пе?! Менің бұдан басқа да кең байтақ қазақ жеріндегі көптеген елдімекенге, қалаларға арнап жазған әндерім жетіп артылады.

Алтын: Сіз өз шығармашылығыңыздың бастауын халық өнерінен аласыз. Өйткені, қай өнердің де бастауы - халық мұрасы емес пе? Осы баға жетпес мұраға алғаш қамқор болған кімдердің есімін атар едіңіз?

Жоламан: 60-жылдары белгілі композитор Ахмет Жұбанов он мың ән мен бес мың күйдің картотекасын жасап кеткен. Ол кісінің салып кеткен сара жолымен халық мұрасы дамып, насихатталып келеді. Халық музыкасы зерттеуді қажет ететін біздің өлшеусіз байлығымыз дегім келеді.

Қазақ десек, біздің құлағымызға халық әндері мен күйлері келеді.

Он тоғызыншы ғасырда өнерді өз қалпына келтіріп кеткен атақты халық композиторлары Ақан сері, Сегіз сері, Біржан сал, Мұхит, Құрманғазы сынды өнер иелерінің соңғы тұяғы Кенен, күйшілік өнердің қайталанбас тұлғасы Сүгір деуге болады.

Алтын: Сіздің «Көктем қашан келеді» әніңізді алғаш Жұмат Махамбетов орындаса, «Бұлақ басында» әні Зейнеп Қойшыбаеваның орындауында Қазақ радиосының алтын қорына жазылды. Бұл әндер әлі күнге дейін әуе толқынынан насихатталып келеді. Тыңдаушының әннен алатын әсері жайлы өз ойыңыз?

Жоламан: Үкімет жан-жақты қолдап тұрған кезде ән жоқ деп аузымызды қу шөппен сүртетінбіз. Бұл - әрқашан аөзектілігін жоғалтпаған тақырып. Неге десеңіз, халыққа ең жақын тақырып- ән тақырыбы. Жалпы саналы да, санаулы ән халықтың жадында қалады.

Алтын: Әр өнер иесі алдына жоспар қойып, шығармашылығын шыңдайды. Сіздің жаңа туындыға деген ішкі дайындығыңыз қалай?

Жоламан: «Арайлы Астана» деген мюзикл жазып бітірдім, либереттосын Шаһимардан Құсайынов жазды. Аударған Шөмішбай Сариев. Бұл ауыз толтырып айтатын дүние деуге болады.

Содан кейін Мағжанның «Батыр Баянына» опера жазып жатырмын. Ауыр тақырып, неге десеңіз, бұл халықтық поэма. Аллатағала уақыт берсе қайткенде үлгеруім керек.

Алтын: Сіз былтырғы жылдың мамыр айында Астанамыздағы Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрында «Арайлы Астана» атты шығармашылық кешіңізді ойдағыдай өткіздіңіз. Кештің мақсаты қандай еді?

Жоламан: Бұл шығармашылық кештің негізгі мақсаты - көп жылдан бері жинақталған шығармаларымды көрерменге ұсыну, тың дүниелерімнің тұсауын кесу еді.

Алтын: Сіздің кешіңізге кімдер қатысты, бағдарламада қандай шығармалар орындалды?

Жоламан: Кеште Айтқали Жайымовтың дирижерлық етуімен Астана филармониясының халық аспаптар оркестрі, Александр Абылаевтың дирижерлық етуімен Астана әкімшілігінің эстрадалық-симфониялық оркестрі, Абзал Мұхитденовтың дирижерлық етуімен опера театрының симфониялық оркестрі мен Ержан Дәуітовтың басқаруымен хор ұжымы, сондай-ақ Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігімен Қазақ Ұлттық университтетінің балалар хоры шығармаларымды орындады. Мағжан Жұмабаевтың «Сен сұлу» атты өлеңіне бұрын Шәмші Қалдаяқов ән шығарған болса, осы жолы менің жаңа әнім шырқалды. Осы әнді және Жамбыл бабамыздың сөзіне жазылған «Бірлігің болсын ағайын» кантатасын дарынды опера әншілерінің бірі - Азамат Жылтыркөзов орындады. Сондай-ақ жаңа жазылған «Арайлы Астана» мюзиклының лейтмотивын домбырамен әнші Айтбек Нығызбаев орындаса, «Астана құрылысшы жастарының әнін» және «Аманның ариясын» Бейімбет Таңарықов тамаша шырқады.

«Қыз қарағай» және «Қыз ұзату» әндерін Ғалия Байғазинова, «Ән қаласы-Көкшетау» және «Ұлбикенің соңғы әні» әндерін Татьяна Вицинская, «Батыр баба Бауыржан», «Елімнің сен де ажары» әндерін Жанат Шыбықбаев, «Сарыарқа сайран жерім-ай» әнін Қарлығаш Аббасова, «Таразым» әнін Тахмина Әшімбекова, «Құлыным» әнін корей әншісі Мун Гон Дя, «Қалалар сол бір жадымда» әнін Серік Қабақов орындап көрерменнің рухын бір көтеріп тастады.

Алтын: Соңғы кезде қай тақырыпқа қалам сілтеп жүрсіз?

Жоламан: Биылғы Абылайдың туғанына 300 жыл толуына орай «Абылайдың ұлы ісі» атты кантатамды бітірдім. Сонымен қатар жылма-жыл Қызылжар қаласында өтетін «Мағжан көктемі» фестиваліне әділқазы ретінде қатысып жүрмін.

Алтын: Әңгімеңізге рахмет! Сіздің бүгінгі айтқан тамаша ойларыңыздан оқырман қауым жақсы мағлұмат алады деген үміттемін. Сізге шығармашылық шабыт тілеймін!

Түйін. Жүрек тебірентер әсем әндер мен классикалық шығармалардың авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаев әңгіме барысында барысында ұлттық болмысымыздың келешегіне алаңдап, арғы-бергіден сыр шертті. Әрқашан халқым деп ерен еңбектің үлгісін көрсеткен осы заманның сал-серісі, дарынды композитор Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанына шығарма жазса, биылғы жылы «Абылайдың ұлы ісі» атты күрделі кантатасымен қазақ өнеріне тың дүние қосып отыр.

Екінің біріне бақ болып қона бермейтін қасиетті кәсіби деңгейге көтеріп, туған жер аспанын әнге бөлеген Жоламан Тұрсынбаев өнер деген құдіретті қастерлей білген білікті маман, өз ісінің майталманы.

Алтын Иманбаева,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты,
Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі