Халықаралық келісімдердің қазақ тіліндегі мәтіндерінде олқылықты болдырмау үшін арнайы сараптамалық топ құрылады - Қ. Мәми

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат - Халықаралық келісімдердің қазақ тіліндегі мәтіндерінде олқылықты болдырмау үшін арнайы сараптамалық топ құрылатын болады.
None
None

 Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата Төрағасы Қайрат Мәми осылай мәлім етті.

«Екіжақты келісімдерді ратификациялау туралы заң жобаларында қазақ тілінің әртүрлі деңгейде қолданылып, сол үшін қайтарылып жататыны белгілі. Біз бюрода бұл мәселені талқылап, кейін Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулинмен келісіп, Үкіметке хат жолдадық. Ол хатта халықаралық ратификацияланатын келісімдерді қол қойылғанға дейін арнайы топтың сараптамасынан өткізу керек деген едік», - дейді Сенат спикері. Төрағаның айтуынша, қол қойылатын келісімдер алдымен министрліктер мен Үкіметтің, сондай-ақ Мәжіліс пен Сенаттың өкілдерінен құрылған арнайы топта талқылануы тиіс. «Олай болмаса әлгі министрліктер келісімнің мәтінін өздерінше аударса, Үкімет оны басқаша аударады. Сосын Парламентте талқыланғанда Мәжіліс те Сенат та аудармаға қатысты басқаша өзгерістер енгізіп қайтарып жатыр. Сондықтан да Сыртқы істер министрлігіне бұл мәселе қатаң ескертілді. Жақын арады осындай арнайы топ құрылатын болады», - дейді Қайрат Мәми.

Соңғы жаңалықтар