Халықаралық магистральдің қызылордалық бөлігінде туристерге арналған кемпингтер салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» халықаралық автомагистралінің Қызылорда облысы аумағынан өтетін бөлігінде туристерге арнап кемпингтер салынады.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев айтты.
«Біз қазіргі кезде автожолды жабдықтау, жол бойындағы қызмет көрсету саласын дамыту бойынша қызу жұмыстар атқарып жатырмыз. Біздің 812 шақырымдық учаскеде 33 орынды белгіледік. Оларда ірі автоқызметтік кешендер, жанармай құю стансалары, кемпингтер мен басқа да нысандар салынады. Бұл бизнестің әлі де болса қолға алынбаған түрлері», - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, кемпинг дегеніміз - автотуристерге арналған жазғы лагерьлер. Оларда автокөліктерге арналған тұрақтар, шағын үйлер, шатыр орнататын орындар және әжетханалар болады. Кемпингтерге тоқтаған туристер өздеріне өздері қызмет көрсетеді. Дегенмен ондай жерлерде дүкен, көлік жуу, көлік жөндеу орындары да болады.
Әкімнің атап өтуінше, халықаралық магистральдің қызылордалық бөлігі салынып, бітуге таяп қалды. «Биыл біз жол құрылысы бойынша негізгі жұмыстарды аяқтаймыз. сол магистраль арқылы жылына 30 млн. тонна жүк тасымалдана бастайды», - деді Қ. Көшербаев.