Халықаралық судьялар қауымдастығының сарапшысы, АҚШ судьясы өңірдегі сот ісімен таныспақ
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Сәуірдің 9-ында Халықаралық судьялар қауымдастығының сарапшысы, АҚШ судьясы Пол Магнусон Ақмола облысына қарасты Щучье ауданындағы «Әділет үйінде» өңір сот жүйесі қызметкерлерімен кездесіп, сот ісін жетілдіру, судьялардың мәртебесі мен жауапкершілігі турасында пікір алмаспақ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 2004 жылы Мексикада өткен Халықаралық судьялар қауымдастығының 47-ші кеңесінде Қазақстан Республикасының Судьялар одағы штаттан тыс мүше болып қабылданған болатын. Республикамыздың Судьялар одағы енді тұрақты мүше болуға өтінім білдіріп отыр. Осыған байланысты елімізге келген АҚШ судьясы Пол Магнусон Щучье қаласында өңірдегі облыстық, аудандық және қалалық соттар төрағаларымен, судьялармен, бірқатар ведомство және БАҚ өкілдерімен жүздесіп, сот ісі мен судьялар жұмысы жайында пікір алмасады. Сондай-ақ шара аясында Щучье қаласы, Щучье аудандық сотының жұмысымен де танысып, ұжыммен кездеспек.