«Халықтардың рухани-мәдени құндылықтары - бірліктің негізі» -семинар

Шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Түркі академиясы ұйымдастырмақ. Семинар мақсаты - түркі халықтарының рухани-мәдени құндылықтарын, олардың діни және философиялық дүниетанымдарын, басқа халықтармен, этностармен қарым-қатынасын зерделеу. Сондай-ақ әлемді рухани игеру үдерісіндегі түркі жұртының орны мен рөлі, түркі және славян әлемдерінің рухани және материалдық баю үдерістерін талдау көзделеді.
Осыған орай, шараға Қазақстанның қоғам және мемлекет қайраткерлері, белгілі отандық және шетелдік ғалымдар, мәдениет пен өнер майталмандары, және де қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының қатысуы жоспарланған. Ұйымдастырушылардың пайымынша, бұл шара зерттеушілердің - Қазақстанның, Түркияның және Ресейдің, сондай-ақ басқа да шет ел ғалымдарының, мамандарының және қоғамдық қайраткерлерінің өзара сұхбаттасу алаңын жасаудың алғышарттарының бірі болмақ.
Жалпы жиыннан Астана қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жариялануына байланысты түркі халықтарының рухани-мәдени құндылықтарының мәнін анықтау күтіледі. Бұл ғылыми-тәжірибелік форумның басты қорытындысы - семинар қарарын қабылдау, сондай-ақ қазіргі әлемдегі өзекті мәселелер мен оларды шешудің жолдарын табу болып табылады.