Халықты терроризмге қарсы дайындаудағы мемлекеттік әріптестіктің тиімді тетіктерін енгізу қажет - Қ. Сатыбалды
АСТАНА. 22 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Халықты терроризмге қарсы дайындаудағы мемлекеттік әріптестіктің тиімді тетіктерін енгізу қажет.
Бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында «Терроризм: оған қарсы тұру мәселелері» атты тақырыпта халықаралық-тәжірибелік конференция барысында партия Хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлы осылай мәлім етті.
Партия Хатшысының айтуынша, терроризмге қарсы тұру терең ғылыми қадамды талап етеді. «Терроризмнің даму заңдылығын, оның себебі мен шарттарын зерттеген ләзім. Өйткені, бүгінгі таңда лаңкестер тек қана мемлекеттің күшті қуатты соққысынан ғана емес, ұйымдасқан сауатты азаматтық қоғамнан да тойтарыс алады. Бұл әлеуметтік қатерді тек бірлесіп, тиімді халықаралық коалиция қалыптастыру арқылы ғана жоюға болады», - деді Қ. Сатыбалдыұлы. Оның айтуынша, қазіргі таңда терроризмге қарсы профилактикалық ықпал ету шараларын кеңейтудің маңызы айтарлықтай. «Бұл үшін өскелең ұрпақты тәрбиелеудің жаңа прогрессивті формаларын, халықты терроризмге қарсы дайындаудағы мемлекеттік әріптестіктің тиімді тетіктерін енгізу қажет. Астана конференциясының басты міндеті - әлемдік мәдениет пен өркениеттерді жақындату парадигмасын құру. Конференция барысында жасалатын ұсыныстар терроризмге қарсы күреске тың серпін беретініне сенемін», - деді Қ. Сатыбалдыұлы.