ХАМАС Газадағы израильдік кепілге алынғандардың мәйіттерін іздеу аясын кеңейтті

АСТАНА. KAZINFORM – Іздестіру операциясының кеңеюі атысты тоқтату туралы келісімді жүзеге асырудың жаңа кезеңін көрсетеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

ХАМАС Газадағы израильдік кепілге алынғандардың мәйіттерін іздеу аясын кеңейтті
Фото: x.com / @turkiyetodaycom

Палестиналық ХАМАС ұйымы Газа секторында кепілге алынған израильдіктердің мәйіттерін іздеу аясын кеңейткенін хабарлады.

ХАМАС өкілінің айтуынша, қазір операция жаңа аймақтарды, соның ішінде Хан Юнис пен анклавтың орталық бөлігін қамтиды. Жұмыс Қызыл Крест мамандары мен мысырлық инженерлік топтардың қатысуымен жүргізіліп жатыр. 

Аталған мәлімдемеде Мысыр өлілерді іздеуге көмектесу үшін Газаға 12 ауыр техника мен сарапшыны жібергеннен бір күн өткен соң жасалғаны баяндалды. Al Hadath телеарнасының хабарлауынша, қондырғы Израильдің рұқсатымен 26 қазан күні таңертең анклавқа кірген. 

Дүйсенбі күні ХАМАС мүшелері ХҚКК өкілдерімен кездесіп, гуманитарлық миссияға израильдік кепілге алынған Амирам Купердің мәйіті қайда жатқанын хабарлады, содан кейін Хан Юнисте оны алу операциясы басталды. 

АҚШ, Қатар және Түркия аралығымен жасалған атысты тоқтату келісімі бойынша ХАМАС барлық израильдік кепілге алынған адамның сүйегін қайтаруға келісті, Израиль әрбір израильдікке 15 палестиналықтың мәйітін қайтарады. 

Агенттіктердің хабарлауынша, ХАМАС әзірге 15 мәйітті тапсырған, бірақ кейінгі 5-6 күнде айырбастау үдерісі ілгерілеген жоқ. 

АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні келісімнің орындалуын «жіті бақылап отыратынын» ескертті. 

– Кейбір мәйіттерді табу қиын, бірақ басқаларын қазір қайтаруға болады, - деп жазды Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Сарапшылар іздестіру шараларын кеңейту және халықаралық құрылымдарды тарту атысты тоқтату режимін сақтаудың және Палестина анклавындағы реттеу бойынша одан әрі келіссөздердің кілті болуы мүмкін екенін атап өтті. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Каирде ХАМАС пен ФАТХ арасында Газа секторының болашағы туралы келіссөз жүріп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар