Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ХАМАС-ты қарусыздандыру мәселесі: Бейбітшілік кеңесі Израильге делегация жібереді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің өкілдері Таяу Шығыста Газа бейбітшілік жоспарын одан әрі жүзеге асыру бойынша келіссөз жүргізеді.

Совет мира направит делегацию в Израиль для обсуждения разоружения ХАМАС
Фото: x.com/jaredkushner

Бейбітшілік кеңесі ХАМАС-ты қарусыздандыру және Газа секторындағы келесі қадам бойынша келіссөз жүргізу үшін Израиль мен Мысырға делегация жібереді. Оның құрамына АҚШ президентінің кеңесшісі Джаред Кушнер, Бейбітшілік кеңесінің арнайы өкілі Николай Младенов және Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр кіреді.

The Times of Israel газетінің хабарлауынша, делегация жексенбі күні Израильге барады. Кушнер премьер-министр Биньямин Нетаньяхумен және Израильдің басқа да жоғары лауазымды шенеуніктерімен келіссөз жүргізуі тиіс.

— АҚШ пен Израиль түпкілікті мақсат — ХАМАС-ты демилитаризациялауға қарсы емес. Біз айтылған қауіптерді тыңдап, келесі қадамды талқылаймыз, — деді Бейбітшілік кеңесінің өкілі.

Негізгі тақырып — 30 шілдеде мақұлданған ХАМАС-ты қарусыздандыру жоспарын жүзеге асыру. Нетаньяху ұсынылған жоспарға ашық түрде қарсылық білдіргеннен кейін жоспардың одан әрі ілгерілеуі қиындады.

Жақында Израиль премьер-министрі ХАМАС толығымен қарусызданбайынша, атап айтқанда, ауыр және жеңіл қаруларын тапсырмайынша, Израиль қорғанысы өз позициясынан шегінбейтінін мәлімдеді.

The Times of Israel басылымының хабарлауынша, Вашингтон Израильді Газа секторына шабуылын шектеуге және 2025 жылдың қазан айындағы атысты тоқтату туралы келісім бойынша гуманитарлық міндеттемелерін орындауға көндіруге үміттенеді. Бейбітшілік кеңесі бұл шарттарды орындау ХАМАС-қа қаруды іс жүзінде беруге мүмкіндік береді деп санайды.

Нетаньяхудың жоспарды жария түрде сынға алуына қарамастан, Израиль Газа секторына шабуыл жасаудан бір апта бойы бас тартты. Алайда, осы аптада операциялар қайта басталды. Бейсенбі күні Израиль күштері ХАМАС әскери қолбасшысын және полиция бастығын өлтірді.

Израильдегі келіссөздерден кейін Бейбітшілік кеңесінің делегациясы Каирге барады, онда Мысыр және басқа да делдал елдердің өкілдерімен кездесу жоспарланған. Оған Қатар мен Түркия өкілдері де қатысады.

Тараптар Газа секторын демилитаризациялау, азаматтық және қауіпсіздік өкілеттіктерін ХАМАС-тан Палестинаның технократиялық үкіметіне беру және кейін анклавты қалпына келтіру жоспарын іске асырудың келесі қадамдарын айқындамақ.

Axios мәліметінше, Вашингтон 27 қазанда өтетін Израиль парламенті сайлауының Газа жоспарының келесі кезеңін іске асыруға кедергі келтірмеуіне күш салып жатыр. Алайда америкалық шенеуніктер сайлаудың жақындауы Израиль басшылығымен ымыраға келуді қиындатып отырғанын мойындайды.

Бұдан бұрын Израиль Батыс жағалауда палестиналықтардың 26 ғимаратын сүруге кіріскенін жазғанбыз.