ХХ СЕССИЯ ҚАРСАҢЫНДА: Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өз орнымызды табуға Қазақстан халқы Ассамблеясы көмектесті - «Ариана» ауған орталығының басшысы, ҚХА мүшесі В.Ахмадулла
Оның айтуынша, ауғандықтар диаспорасы Қазақстанда 80 жылдардың басынан қалыптаса бастады. Сол кездерде Ауғанстаннан алғашқы студенттер Қазақстанға келе бастаған еді. Ал Ауғанстандағы кеңес үкіметі құлатылғаннан кейін қонақжай әрі тыныш ел - Қазақстанға ауғандықтар тіптен ағыла түсті.
«Сол кездерде ауғандықтар туралы жаңсақ пікір көп еді. Біреулер ауғандықтар шетінен жауыз деді, енді бірі Ауғанстанды көкнәрдің отаны атандырды, тағы сол сияқты мысалдар жетерлік. Бір сөзбен айтқанда, осында Ауғанстанның елшілігі ашылып, бірнеше мәдени орталықтары пайда болған кездің өзінде теріс көзқарас аз болмады. Әрине, сол елшілік пен орталықтар шама-шарқында бұл сеңнің көбесін сөгуге тырысты, алайда оның пайдасы шамалы еді. Сондықтан, мен 1990 жылдары Қазақстанға келісімен негізгі жұмысыма қарамастан, бірден солардың жұмысына қоян-қолтық араласып кеттім. Сол жылдарда мен БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғары комиссары Басқармасының әріптесі қызметін атқарып жүр едім және көптеген мемлекеттік мекемелермен, халықаралық ҮЕҰ-мен байланыста болдым», - деп өткенді еске алады ауған орталығының басшысы.
БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғары комиссары Басқармасы әріптестерінің бірі белгілі қазақстандық қоғам қайраткері, қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ахмед Мұрадов еді. «Дәл сол кісі мені ҚХА-ның қызметімен таныстырды. Мен өзім құрған қоғамдық бірлестікті тіркеп, осынау ғажайып ұйымның мүшесі атандым», - деп атап өтті В.Ахмадулла. Оның айтуынша, ҚХА-дағы мүшелік ауғандықтардың өмірін жаңа отандарында жандандыра түсуге көмектесті. «Ариана» ауған этномәдени орталығы республикалық және қалалық көлемде ұйымдастырылған барлық шараларға қатыса бастады. Орталық өкілдері Ауғанстанның мәдениетін, салт-дәстүрін, музыкасын және басқа да құндылықтарын бүкіл Қазақстан халқына паш ете бастады. Тіпті халықаралық фестивальдар мен конкурстарға қатысып, жүлделі орындарды еншіледі.
«Мәселен, ҚХА ұйымдастырған мемлекеттік тіл білімі бойынша өткен конкурста менің отандасым Гулям Махбуб 26 этнос өкілдері қатысқан сайыста гран-приді жеңіп алды. Бір таңғаларлығы, ол Қазақстанға келгенде бір ауыз қазақша білмейтін. Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 2-курс студенті Ахмадвали Ахмадиярдың қазақ тілін 2-ақ жылда өте жақсы меңгеріп алғандығы сонша, тіпті ол қазір түрлі алқалы жиындарда ауған тілінен қазақ тіліне, орысшадан қазақшаға және керісінше де ілеспе аудармалар жасап жүр. Ол ҚХА-ның жастар қанаты ұйымдастыратын көптеген шараларға белсене араласып жүр», - деп мақтанышпен атап өтті В.Ахмадулла.
Ол басқаратын орталық ауған халқының салт-дәстүрін, мәдениетін жан-жақты көрсететін халықаралық конференциялар, «дөңгелек үстелдер» және басқа да шараларды үзбей ұйымдастырып келе жатыр. Екі ел арасындағы әріптестік пен екі халық арасындағы риясыз достықтың одан сайын беки түсуіне спорттың да тигізіп отырған әсері зор. «Соңғы жылдары Қазақстанда өтіп жатқан көптеген спорт жарыстарына ауғанстандық спортшылар да атсалысуда. Мәселен, өткен жылы арасында бір қыз бар ауғандық бір топ спортшы Қазақстанға келіп, ауыр атлетикадан болған сайыста 7 алтын, 5 күміс, 3 қола медаль еншілеп кетті», - деп атап өтті «Ариана» орталығының жетекшісі.
«Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Тоқ етері, елдің қоғамдық-саяси өмірінде өз орнымызды тауып, толыққанды азаматы болуымызға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының тигізген көмегі орасан зор», - деп баса айтты В.Ахмадулла.
Оның айтуынша, ҚХА құрылғаннан бері дамудың даңғыл жолына түсіп, үлкен тәжірибе мен интеллектуалдық әлеует жинай отырып, нағыз халықтық дипломатия институтына айнала білді. Осынау бірегей институт 100-ден астам ұлысты сүттей ұйытып, республиканың ырғақты дамуына өз үлесін қосып отыр. Ассамблеяның қызметі арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасып, Конституция бойынша еліміздің кез келген азаматының тіліне, дініне, ұлтына қарамастан берілетін теңдік құқығы іс жүзінде ойдағыдай орындалып отыр. «Әр сессиядан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы артып келеді. Сондықтан мен осындай ұлы үдерістің куәгері әрі қатысушысы болғаныма бақыттымын!», - деді ҚХА мүшесі.