ХХІ ғасырда Еуразиялық ықпалдастық идеясы нақты сипатқа ие болуда - Н.Назарбаев
ТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Бүгін Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының 10 жылдығына арналған
«Қазақстан және жаңа әлемдегі еуразиялық идея» атты халықаралық ғылыми форум басталды.
Маңызды халықаралық ғылыми форум қатысушыларына ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтауын жолдады. Оны Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқып берді.
«Мемлекеттердің Еуразиялық одақтың жаңа интеграциялық бірігуінің негізгі қағидаттары мен нақты бағдарламасын 17 жыл бұрын В.М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессорлары мен студенттері алдында сөйлеген сөзімде алғаш рет ұсындым. ХХІ ғасырда Еуразиялық ықпалдастық идеясы нақты сипатқа ие болуда. 10 жылдан астам уақыт бойы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық жұмыс істеп келеді, Қазақстан, Беларусь және Ресей арасында бірыңғай экономикалық кеңістіктің өзегі болып табылатын және 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асатын Кедендік одақ құрылды. Бүгінде Еуразиялық идеяның миллиондаған ізбасары бар. Олар идеядан орасан зор өркениетті болашақты көруде. Бұл біздің мемлекеттеріміз үшін жаһандық әлемде лайықты орын алуға, ал біздің халықтарымыз үшін экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара қарым-қатынастың жаңа сапалы деңгейіне шығудың жақсы мүмкіндігі», - дейді Н.Назарбаев.
Елбасы сөзінде атап көрсеткендей, Еуразиялық ықпалдастық - мемлекеттер болашағының ортақ тарихы. Ол бүгіннен бірлесе жазыла бастады және оның жетістігі тек саясаткерлердің міндеті ғана емес, ғалымдардың, түрлі салалар мамандарының үлкен еңбегі, мемлекеттеріміз азаматтарының белсенді қолдауы.