ХХІ ғасырда томаға-тұйық қоғам ұдайы артта қала бермек - Елбасы
АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - ХХІ ғасырда томаға-тұйық қоғам ұдайы артта қала бермек. Бүгін Ақордада Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуі барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.
«Дипломатия қашанда тактиктен гөрі стратегке жақындау. ХХІ ғасырда тарих уақытының шапшаңдай түсуі - бұндай ақиқатты растай түседі. Мен Сіздердің «Қазақстан-2050» стратегиясы туралы өз елдеріңізде мұқият ақпарат бергендеріңізге сенімдімін. Біз бұл стратегияны көптеген елдердің, халықаралық ұйымдардың тәжірибесін сіңіре отырып, өзіміздің мүмкіндіктерімізді, ресурстарымызды, экономиканың бағдарын, салаларды мұқият теңгере отырып әзірледік», - деді Н. Назарбаев.
«Тарихшылар «Халықты ғасырлар тәрбиелейді» деген уәж айтады. Ал жаһандану уақытты барынша қыспаққа алуда. Қазіргі халық жүздеген жылдармен емес, 20-30 жылдармен тәрбиеленетін болды. Қазақстан да өзінің тәуелсіздігінің алғашқы күнінен-ақ шапшаң есейді. ХХІ ғасырда томаға-тұйық қоғам ұдайы артта қала бермек. Бұл - аксиома. Қалыптасқан қарқынды мемлекет ретінде Қазақстан өзінің көкжиегін орнықтырып, жаһандық дамуда өз орнын тапты», - деді Мемлекет басшысы.