«Хирургия — бұл шығармашылық пен зор жауапкершілік тоғысқан мамандық»

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Әлемде қыркүйектің үшінші сенбісінде Халықаралық хирург күні аталып өтеді. Бұл күн — кәсіби жолын адам өмірін сақтауға арнаған жандарды еске алуға және олардың еңбегін бағалауға себеп. Осы дата қарсаңында біз Қарағанды медицина университетінің хирургі, ғалым әрі ұстаз Руслан Бадыровпен сұхбаттасып, оның кәсіби жолы мен ой-пікірін тыңдадық. 

«Хирургия — бұл шығармашылық пен зор жауапкершілік тоғысқан мамандық»
Фото: Руслан Бадыровтың жеке мұрағатынан

Ота бөлмедеcіндегі тәжірибені, кафедрадағы білім беруді және ғылыми зерттеулерді қатар алып жүрген дәрігердің еңбегі орасан. Оның кәсіби жолында арқалап келе жатқан қоржынында ондаған күрделі операциялар, халықаралық тағылымдамалар және 30-дан астам ғылыми жарияланымдар бар. Руслан Бадыров үшін хирургия — жай ғана мамандық емес, үздіксіз ізденісті және толықтай берілуді талап ететін үлкен мақсат.

— Руслан Мұратұлы, Сіз хирургияға қалай келдіңіз? Бұл жолдың дәл өзіңіздікі екенін қашан түйсіндіңіз?
— Мен дәрігерлер отбасында өстім: анам — терапевт, әкем — анестезиолог-реаниматолог. Бала кезімнен олардың еңбегін, науқастардың алғысын көріп өстім. Бұл менің таңдауымды айқындады. Хирургия мені ғылым, шығармашылық пен қолөнерді тоғыстырғанымен қызықтырды. Жоғары курстарда алғаш рет ота бөлмесіне кірген сәтімде түбегейлі шешім қабылдадым: мен хирург боламын деп шештім. Бұл жерде жауапкершілік өте зор, бірақ нәтижесі де жылдам көрінеді. Дәл осы нәтиже үлкен мотивация береді.

«Хирургия — бұл шығармашылық пен зор жауапкершілік тоғысқан мамандық»
Фото: Руслан Бадыровтың жеке мұрағатынан

— Сіз хирург, ғалым және оқытушы ретінде еңбек етіп жүрсіз. Қайсысы қиын, ал қайсысы көбірек қанаттандырады?
— Қазіргі дәрігер бір мезетте үш бағытта дамуы қажет: тәжірибе, ғылым және білім беру. Олар өзара байланысты. Операция кезінде жинаған тәжірибемізді студенттер мен резиденттерге жеткіземіз, ғылыми зерттеулер жаңа әдістерді енгізуге жол ашады, ал оқыту бізді үздіксіз білім алуға итермелейді. Ең қиыны — уақыт тапшылығы мен күнделікті қағазбастылық жұмыстар. Дегенмен, ең басты қуанышымыз — науқастардың сауығып кетуі.

— Сіздің тәжірибеңізде лапароскопиялық оталар көп. Бұл әдіс неге бүгінгі таңда стандартқа айналды?
— Лапароскопия — аз инвазивті тәсіл, яғни кішкентай тілік арқылы жасалатын операция. Мұнда ауырсыну аз, қалпына келу мерзімі қысқарады, науқас ауруханадан ертерек шығады. Қазіргі технологиялар жоғары дәлдікте жұмыс істеуге мүмкіндік береді: 3D-визуализация, заманауи аспаптар қолданылады. Бұрын тек ашық тәсілмен жасалатын бірқатар оталарды қазір лапароскопия арқылы әлдеқайда тиімді әрі қауіпсіз орындауға болады.

«Хирургия — бұл шығармашылық пен зор жауапкершілік тоғысқан мамандық»
Фото: Руслан Бадыровтың жеке мұрағатынан

— Сіздің кәсіби жолыңызда есте қалған ерекше ота бар ма?
— Иә, бірде мойны жараланған, ұйқы артериясы толықтай дерлік үзіліп қалған жас жігіт түсті. Ол көз алдымызда тұншығып бара жатты. Бірнеше секунд ішінде трахеотомия жасап, қан кетуді тоқтатуға тура келді. Содан соң қан тамыр хирургімен бірге артерияны қалпына келтірдік. Екі аптадан кейін ол толық сауығып, үйіне шықты. Бұл біздің ортақ жеңісіміз болды әрі өмірімдегі ең эмоционалдық тұрғыдан ауыр кезекшіліктердің бірі еді.

— Сіз шетелде тағылымдамадан өттіңіз. Қазақстанға қандай тәжірибемен оралдыңыз?
— Францияда семіздік пен қант диабетін емдеуге бағытталған бариатриялық хирургияны меңгердім. Елге оралған соң әріптестеріммен бірге бұл әдістерді клиникалық тәжірибеге енгіздік, шеберлік сабақтарын өткіздік. Жапонияда роботтандырылған хирургияның жоғары деңгейін көрдім. Уақыт өте келе мұндай технологиялар Қазақстанда да қолжетімді болады деп сенемін.

«Хирургия — бұл шығармашылық пен зор жауапкершілік тоғысқан мамандық»
Фото: Руслан Бадыровтың жеке мұрағатынан

— Қазіргі кезде медицинада цифрлық технология мен жасанды интеллект жиі қолданылады. Олар хирургке қаншалықты көмек береді?
— Жасанды интеллект пен цифрландыру мәліметтерді жинауға, талдауға, асқынуларды болжауға және операцияларды жоспарлауға көмектеседі. Бірақ олар хирургтің орнын баса алмайды. Бұл — тек құрал. Соңғы шешім мен жауапкершілік әрқашан дәрігердің мойнында.

— Хирургке ота техникасынан бөлек қандай қасиеттер қажет?
— Хирург тек қол шебері ғана емес, пациентті тыңдай білуі, эмпатия, сабырлық және жанашырлық танытуы тиіс. Бұларсыз нағыз дәрігер болу мүмкін емес. Сонымен қатар, үнемі даму маңызды. Медицина күн сайын өзгеріп отырады, сондықтан жаңа әдістерді меңгеріп, дағдыларды жетілдіру қажет.

— Сіз 30-дан астам ғылыми еңбектің және бірнеше патенттің авторысыз. Қай бағыттарды ең перспективалы деп санайсыз?
— Маған ең маңызды бағыттардың бірі — жұмсақ тіндерді қалпына келтіруге арналған жаңа биоматериалдар әзірлеу. Қазірдің өзінде оң нәтижелі клиникаға дейінгі сынақтар бар, енді клиникалық зерттеулерге дайындалып жатырмыз. Жоба сәтті жүзеге асса, ауыр оталардан кейін пациенттердің қалпына келу мүмкіндігі артады. Сондай-ақ, университетімізде антибиотикорезистенттік мәселесі бойынша белсенді зерттеулер жүргізілуде. Бұл — бүкіл әлем үшін үлкен сын-қатер.

«Хирургия — бұл шығармашылық пен зор жауапкершілік тоғысқан мамандық»
Фото: Руслан Бадыровтың жеке мұрағатынан

— Пациенттер арасында хирургияға қатысты қандай аңыздар жиі кездеседі?
— Кейде адамдар хирургия тек «кесу» деп ойлайды. Шын мәнінде, қазіргі әдістер барынша аз инвазивті және нәзік. Пациент кейде тек кішкентай тыртықты көреді, бірақ оның артында бүкіл команданың орасан еңбегі жатыр.

— Хирургия жолын енді бастаған жас дәрігерлер мен студенттерге қандай кеңес бересіз?
— Ең алдымен мамандықты сүйе білу және шыдамды болу қажет. Хирургия — ұзақ жол: ұйқысыз түндер, қателіктер, сынақтар. Бірақ әрбір сәтті қадам шабыт береді. Әрқашан қызығушылық танытып, жаңа білім іздеңіздер, үйреніңіздер. Және ұмытпаңыз: ең қиын сәттер де өтеді. Бастысы — өмірді осы іске арнаған соң, сл таңдауыңа адал болып қалу.

— Сұхбатыңызға рахмет!