Хлордан улануы мүмкін: Атырауда бассейнге түскен 3 адам аураханаға жатқызылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраудағы бассейнде хлордан уланудың ықтимал дерегі тіркелді. Медициналық көмекке жүгінген 14 адамның 3-еуі ауруханаға жатқызылды.

Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне қарағанда, оқиға бүгін, 13 шілдеде болған.
– Атыраудағы бассейндердің бірінде хлордан уланудың ықтимал жағдайы тіркелді. Медициналық көмекке 14 адам жүгінді. Ауруханаға 3 адам жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалады. Өзгелері дәрігерлердің бақылауына алынды, - деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов аталған оқиғаға байланысты денсаулық сақтау басқармасына зардап шеккендердің жағдайын бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ басқармаға бассейндер мен аквапарктердің жұмысын тексеру жүктелді.
– Бассейнде эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Ауа мен судан сынама алынды. Хлор буы шекті мөлшерден аспаған, зертханалық талдау жұмыстары жалғасып жатыр, - деп мәлім етті өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бассейндегі оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
– Қылмыстық іс тіркелді. Тергеу жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды, - деп хабардар етті департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда ауа температурасы +43 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болуы мүмкін екенін жазған болатынбыз.