Хоккей: Қазақстан жастары Словакиядан ойсырай ұтылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Хоккейден 20 жасқа дейінгі жастар құрамасы Канадада өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында Словакия құрамасынан жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы В тобында сынға түсіп жатыр. Бұған дейін екі ойын өткізіп үлгерді. Алдымен 28 желтоқсанда Финляндиядан 0:5 есебімен жеңілді. Одан кейін АҚШ құрамасынан 2:8 есебімен сүрінді.

Болжам жасаушылар В тобындағы әлсіз құрама бүгінгі кездесуде анықталады деген жорамал айтқан еді. Себебі, Словакия да бұған дейін барлық қарсыласына есе жіберді. Үш ойында да жеңілістің ащы дәмін татты. Алдымен 27 желтоқсанда АҚШ-тан 1:2, Швециядан 2:5, Финляндиядан 1:5 есебімен жеңіліп қалды.

Словакия жастары бүгінгі кездесуге барын салды. Бірінші кезеңнің өзінде біздің қақпаға алты шайба соғып үлгерді. Ойын басталғанына небәрі 22 секунд өткенде Адам Лишка есеп ашты. Арада 10 секунд өткенде олардың қатарынан Адам Ружичка тағы да шайба соқты. Есеп 0:2. Өз қақпасына небәрі бірінші минутта екі шайба жіберіп алған біздің жастар бұдан кейін де ес жинай алған жоқ. Адам Ружичка 5-минутта есепті үстемелей түссе, 8-минутта Андрей Коллар қанжығасын майлады. Ал 11-минутта Филип Кривошик, 14-минутта Марцел Длугош мергендігімен көзге түсті. Бірінші кезең осылайша 6:0 есебімен словак жастарының басымдығымен аяқталды.

Екінші кезеңде Андрей Коллар 22, Милош Роман 27-минутта шайба соғып кетті. Есеп 8:0. Бұдан кейін Словакия жастары қарқынын сәл бәсеңсітті. Есесіне біздің жастар құрамасы шайба соғуға ұмтылды. Нәтижесінде 30-минутта Артур Гатиятов біздің құраманың бүгінгі кездесудегі алғашқы шайбасын соқты. Дегенмен оған 33-минутта словак хоккейшісі Павел Регенда бір шайбамен жауап қайырды. 

Үшінші кезеңде біздің құраманың белсенділігі байқалды. Нәтижесінде 46-минутта Артур Гатиятов қарсыластар қателігін шебер пайдаланып кетті. Есеп 2:8. Аталмыш есеп біразға дейін сақталып тұрды. Ал 54-минутта Марцел Длагош бүгінгі кездесудегі өз құрамасының 10-шы шайбасын соқты. Ал Андрей Коллар 59-минутта қорытынды есепті белгіледі. Осылайша Қазақстан жастары Словакиядан 2:11 есебімен жеңілді. 

Қазақстан жастар құрамасы енді 1 қаңтарда Астана уақытымен 05.30-да Швеция құрамасымен кездеседі. Швеция құрамасы В тобында көш бастап тұр. Олар бұған дейінгі үш кездесуде 27 желтоқсанда Финляндияны 2:1, 28 желтоқсанда Словакияны 5:2, 30 желтоқсанда АҚШ-ты овертаймда 5:4 есебімен жеңді.

Қазақстан мен Швеция жастар құрамасының кездесуі Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі .

Фото: icehockey.kz

Соңғы жаңалықтар