Хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы үшінші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы бірінші дивизионның А тобында бүгін, 5 мамырда үшінші ойынын Польшаға қарсы өткізді.

Хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы үшінші жеңісіне қол жеткізді
Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

Кездесу барысында польшалық хоккейшілер жылдам гол соғып кетті. Одан кейін отандастарымыз таразы басын теңестіруге ұмтылды. Соған қарамастан бірінші және екінші кезеңде олар қарсылас қақпасынан саңылау таба алған жоқ.

Үшінші кезеңде қазақстандық хоккейшілер польшалық қақпашыны үш мәрте қапы қалдырса, өз қақпасына бір гол жіберіп алды. 

Қазақстан — Польша (0:1, 0:0, 3:1)

0:1 — 01:09 — Вронка (Лышчарчик, Нарог)
1:1 — 48:01 — Муратов (Михайлов, Шестаков)
2:1 — 57:53 — Симонов (Логвин, Ляпунов)
3:1 — 58:53 — Савицкий (Қайыржан, Шестаков)
3:2 — 59:58 — Крежолек (Валега, Вронка)

Қақпашылар: Шутов — Фучик

Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласын 3:2 есебімен жеңіп, турнир кестесінде тоғыз ұпаймен көш басында тұр. 

Екі құрама қазірге дейін 12 мәрте кездесіп, он бірінде отандастарымыз жеңіске жеткен еді.
Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер Литвадан 4:1, Жапониядан 6:0 есебімен басым түсті.

Енді қазақстандық хоккейшілер енді 7 мамырда 19:00–де Украина, 8 мамырда 15:30–да Франция құрамаларымен шеберлік байқасады.

Аталған топта бірінші және екінші орын алған құрамалар 2027 жылы элиталық дивизионда бақ сынауға мүмкіндік алса, соңғы орынды місе тұтқан құрама В тобына түсіп қалады.

Айта кетсек, қазақстандық хоккейшілер алғашқы оқу-жаттығу жиынын 17 сәуірге дейін Астана қаласында өткізді. 

Одан кейін Беларусьте 26 сәуірге дейін дайындық жүргізді. Онда 25 сәуірде жергілікті «Динамо-Молодечно» командасынан 5:1 есебімен басым түсті.

Ал 25 сәуірде жолдастық кездесуде қазақстандық хоккейшілер Словения құрамасын 2:1 есебімен қапы қалдырды.