Хоккейден ӘЧ: Қазақстан құрамасы Жапонияны ірі есеппен жеңді
АСТАНА. KAZINFORM – Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы бірінші дивизионның А тобында бүгін екінші ойынын Жапонияға қарсы өткізді.
Кездесу барысында қазақстандық хоккейшілер жинақы қимыл көрсетті. Дегенмен бірінші кезеңде қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Екінші кезеңде отандастарымыз жапониялық қақпашыны үш мәрте қапы қалдырды. Үшінші кезеңде де қазақстандық хоккейшілер тағы үш мәрте көзге түсті.
Қазақстан - Жапония 6:0 (0:0, 3:0, 3:0)
1:0 - Қайыржан (Гатиятов, Өмірбеков) - 22:11
2:0 - Шайхмедденов (Гатиятов) - 27:56
3:0 - Бреус (Гатиятов, Әсетов) - 33:13
4:0 - Әсетов (Данияр, Шестаков) - 53:40 ГБ
5:0 - Старченко (Мұратов, Шестаков) - 55:50
6:0 - Ляпунов (Өмірбеков, Қайыржан) - 56:26
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 6:0 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, екі құрама қазірге дейін 12 мәрте кездесіп, барлығында отандастарымыз жеңіске жетті.
Енді Қазақстан құрамасы алда үш ойын өткізеді. Алдымен 5 мамырда Қазақстан уақытымен 22:30-да Польшамен кездессе, 7 мамырда 19:00-да Украина, 8 мамырда 15:30-да Франциямен шеберлік байқасады.
Бұдан бұрын қазақстандық хоккейшілер Литва құрамасынан 4:1 есебімен басым түсті.
Аталған топта алғашқы екі орын алған құрамалар 2027 жылы элиталық дивизионда бақ сынауға мүмкіндік алса, соңғы орынды місе тұтқан құрама В тобына түсіп қалады.
Еске сала кетсек, қазақстандық хоккейшілер алғашқы оқу-жаттығу жиынын 17 сәуірге дейін Астана қаласында өткізді. Одан кейін Беларусьте 26 сәуірге дейін дайындық жүргізді. Онда 25 сәуірде жергілікті «Динамо-Молодечно» командасынан 5:1 есебімен басым түсті.
Ал 25 сәуірде жолдастық кездесуде қазақстандық хоккейшілер Словения құрамасын 2:1 есебімен қапы қалдырды.