Хоккейден Әлем чемпионаты: Бүгін Финляндия мен Швеция шеберлік байқасады
АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионында бүгін, 12 мамырда төрт ойын өтеді.

А тобында сағат 19:20-да Австрия мен Словакия, 23:10-да Финляндия мен Швеция шеберлік байқасады.
Алғашқы екі турдан кейін Канада мен Швеция - 6, Финляндия -5, Латвия мен Словакия -3, Франция - 1 ұпай еншілесе, Австрия мен Словенияның әзірге қоржыны бос.
Сондай-ақ бүгін В тобында 19:00-де АҚШ пен Швейцария, 23:10-да Чехия мен Дания шеберлік байқасады.
Бұл топта Қазақстан құрамасы алғашқы екі турда Норвегияны (2:1) жеңсе, Германияға (1:4) есе жіберіп қойды. Нәтижесінде 3 ұпаймен бесінші орынға тұрақтап тұр.
Ел құрамасы дүбірлі додаға биыл 13-ші мәрте қатысып отыр. Әзірге ең жоғары көрсеткіші — 2021 жылғы оныншы орын.
Аталған топта АҚШ пен Германия - 6, Чехия - 5, Швейцария - 4 ұпай алса, әзірге Норвегия, Дания, Мажарстан ұпай еншілеген жоқ.
Әлем чемпионаты 1920 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қазірге дейін Канада - 28 Ресей (КСРО) - 27, Чехия (Чехословакия)- 13, Швеция - 11, Финляндия - 4, АҚШ - 2, Ұлыбритания мен Словакия -1 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді.