Хоккейден Қазақстан құрамасы Словениядан жеңіліп қалды

АСТАНА. KAZINFORM - Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионаты алдында Словениямен жолдастық кездесу өткізді.

Хоккейден Қазақстан құрамасы Словениядан жеңіліп қалды
Фото: ҚХФ

Бұл ойын Швецияның Уппсале қаласында болды. Кездесу Словения құрамасының 3:2 есебімен сенсациялық жеңісімен аяқталды.

Матч барысында қазақстандық хоккейшілер 2:0 есебімен алда тұрған еді. Ел құрамасынан Кирилл Панюков (21-минут) және Аркадий Шестаков (31-минут) мергендік танытты.

Одан кейін словениялық хоккейшілер қатарынан үш шайба соғып кетті. Бұл голдарды Филип Ситар (37-минут), Матич Торок (44-минут) және Рок Капел (53-минут) өзінің еншісіне жазды.

Екі құрама бұған дейін бес мәрте кездесті. Оның үшеуінде қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетсе, екеуінде словениялық құрама басым болды.

Енді отандастарымыз 7 мамырда Данияның Хернинг қаласына жетеді. Онда В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Мажарстан. 

Ел құрамасы 10 мамырда алғашқы ойынын сағат 15:20-да Норвегияға қарсы өткізеді.

Словения құрамасы Швецияның Стокгольм қаласында А тобында Канада, Швеция, Швейцария, Словакия, Латвия, Австрия, Франциямен шеберлік байқасады.

Еске салсақ, бұдан бұрын 2025 жылғы әлем чемпионатындағы Қазақстан құрамасының ойын кестесі белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар