Хорватия Қазақстанмен арадағы сауда байланысын жақсартуға мүдделі - З. Миланович

Хорватия Үкімет басшысы Қазақстанға сапармен алғаш рет келіп отырғанын атап өтті. «Өмірімде алғаш рет Қазақстанға сапарлау мен үшін зор мәртебе деп білемін. Дипломатиялық қызметтегі әріптестерімнің Қазақстанға келіп, елордаларыңыздан мол әсермен оралғандығы есімде. Қазіргі уақытта біздер Қазақстанмен экономикалық байланыстарды жандандырып, бизнес арасындағы ықпалдастықты тереңдетудеміз», - деді ол.
Сонымен қатар Хорватия Үкімет басшысы өз елінің Қазақстанмен арадағы сауда байланысы өте төмен деңгейде болып отырғандығын әрі оны жақсартуға мүдделі екендігін баса атап өтті.
«Бүгін Қазақстан-Хорватия бизнес-форумы өтеді. Сол шара барысында екі ел бизнесмендері арасында тығыз байланыс орнайтындығына үміт артамыз. Бұл ұзақ мерзімге созылатын достық пен ынтымақтастықтың бастамасы деп білемін», - деді З.Миланович.