Хорватия тарапы Қазақстанмен өнеркәсіп, фармацевтика, туризм салаларында ынтымақтастықты дамытпақ

«Кездесу барысында екі елдің индустриалдық даму, шетелдік инвестицияларды тарту, логистика, туризм және тау-кен металлургиясы салаларының басым бағыттары бойынша ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Әсет Исекешев елдегі Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламаның (ИИДМБ) орындалуы туралы хабардар етіп, индустрияландыру саясаты аясында инвесторлар үшін әзірленген ынталандырудың жаңа пакеті инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға серпін береді деген үмітін білдірді»,- делінген министрлік мәліметінде.
Министр Қазақстанның өңірдегі ең тартымды инвестициялық ахуалы бар ел екендігін атап өтті: «Елдегі басым бағыттарының бірі - индустриялық даму. Өнеркәсіп секторында қазірдің өзінде бірқатар ірі инвесторлар жұмыс атқаруда. Өткен бес жыл ішінде өңдеу өнеркәсібіне 17 млрд. доллардан астам қаражат тартылды. Осы жұмыс, яғни индустриялық-инновациялық бағдарламаға инвестиция тарту индустрияландырудың екінші бесжылдығындағы басты міндеттердің бірі болып қалады».
Өз кезегінде Люка Бурилович Қазақстаның дамуының әлеуеті жоғары екендігін атап өтіп, Хорватияның шаруашылық палатасына мүше 130 компанияның ішінен көптеген компаниялар қазақстандық тараппен өнеркәсіп, фармацевтика, туризм және энергетика саласында ынтымақтастықты дамытуға әзір екендігін атап өтті.
Сонымен қатар, тараптар Іскерлік кеңес құруына өзара қызығушылық танытты. Аталмыш кездесу Хорватия Республикасының Премьер-Министрі Зоран Милановичтің Қазақстан Республикасына келуі аясында өткізілді.