Хорватияға бұрынғы кеңестік республикалардан келетін туристер арасында қазақстандықтар үшінші орында тұр - Хорватияның Қазақстандағы тұңғыш елшісі
АЛМАТЫ. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстандық туристердің визасыз демалуына өз үлесімді қостым. Бұл туралы Хорватияның Қазақстандағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі Кариног Хомин Стурм ҚазАқпарат тілшісіне Алматыда өтіп жатқан интернет апталығы кезінде айтты.
«Хорватия - туристік ел. Оған алыс-жақын шет елдерден жыл сайын 5-6 миллион турист келеді. Адриад теңізіндегі көршілес Италия мемлекетінің тұрғындарының арасында жаз кезінде яхтамен Хорватиядағы аралдарында демалып қайтатындар көп. Бізде 1200 арал бар. Италияда мұндай аралдар жоқ», - дейді Кариног Хомин Стурм. 1995-98 жылдары Қазақстандағы елшілік қызметі кезінде ол қазақстандық туристердің Хорватияда визасыз демалуына жол ашқан. Қазір Хорватияға жыл сайын Қазақстаннан бірнеше мың туристер барады. Қазақстандық саяхатшылар бұрынғы кеңестік республикалар арасында Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында тұр. Дипломаттың айтуынша, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан мен Хорватия арасындағы ынтымақтастықты бұдан әрітереңдетуге мүмкіндік өте мол. Әзірге екі елдің әлеуеті толық пайдаланылып отырған жоқ.