«Хроникадан болашаққа» кинолекторийі Қостанайда айтулы мәдени шараға айналды
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанайда өткен кинолекторий бағдарламасына «Жолбарыс: тайгадан далаға», «Серт», «ARAL» және «Travel Kazakhstan» деректі фильмдері енді. Олардың әрқайсысында ел үшін маңызды оқиғалар отандастарымыздың тағдыры арқылы баяндалады.
Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған республикалық кинолекторий өңірдің мәдени өміріне серпін берген айтулы шаралардың біріне айналды.
Қостанай облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Әбіловтің айтуынша, жоба аймақ тұрғындарына отандық деректі киномен танысып қана қоймай, ел тарихындағы маңызды кезеңдерге қайта үңілуге мүмкіндік береді.
— Бұл еліміздің тарихы, табиғаты, мәдениеті және қазіргі дамуы туралы құнды ақпарат. Деректі кино өткенді бүгінмен байланыстырып, тарихтан сабақ алуға, ел жетістіктерін бағалауға және болашаққа көз жүгіртуге мүмкіндік жасайды. Мұндай ағартушылық жобалардың жас ұрпақ үшін маңызы зор, — деді Ерлан Әбілов.
Қостанай көрерменіне арналған кинолекторий бағдарламасын әзірлеу кезінде авторлар қоғам өмірінің түрлі қырларын қамтитын өзекті әрі әлеуметтік маңызы жоғары тақырыптарға басымдық берген.
Солардың бірі — «Жолбарыс: тайгадан далаға» фильмі. Картина Қазақстанда тұран жолбарысын қайта жерсіндіру жұмыстарына арналған. Президент Телерадиокешені Деректі кино орталығының редакторы Мадина Арғынның айтуынша, түсірілім тобы бұл тақырыпты шамамен екі жылдан бері бақылап келеді.
2026 жылғы мамырда Ресей Президенті Владимир Путиннің Астанаға мемлекеттік сапары барысында Қазақстанға ерекше сыйлық — Қиыр Шығыстағы тайгадан Іле-Балқаш резерватына жеткізілген төрт амур жолбарысы табысталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сыйлықты Ресей көшбасшысының сапарындағы «ерекше тарту» деп атаған болатын.
Фильмде жолбарыстардың Қазақстанға жеткізілуі, жаңа ортаға бейімделуі және мамандардың атқарып жатқан жұмысы егжей-тегжейлі көрсетіледі. Көрермен жануарлардың өзімен ғана емес, табиғатты қорғауға бағытталған күрделі процеспен де танысады. Атап айтқанда, аумақты дайындау, қорек базасын қалпына келтіру, жануарлардың мінез-құлқын бақылау және олардың болашақта тіршілік етуіне қолайлы жағдай жасау жұмыстары қамтылған.
Көркем әрі мазмұнды фильм қостанайлықтардың да көңілінен шықты. Көрермендердің бірі Наурызбек Бірмағамбетов картина жойылып кеткен жануарлар популяциясын қалпына келтіру жұмыстарының артында қаншама еңбек жатқанын көрсететінін атап өтті.
— Фильмнің жалғасы болады деп үміттенемін. Жолбарыстардың Қазақстан аумағына қалай бейімделгенін білгіміз келеді, — деді Наурызбек Бірмағамбетов.
Кинолекторий бағдарламасынан «Серт» фильмі де ерекше орын алды. Картинада 2024 жылдың көктемінде алапат табиғи апатқа ұшыраған өңірлерді, соның ішінде Қостанай облысын қалпына келтіру жұмыстары баяндалады. Фильмнің негізгі өзегінде қиын жағдайға тап болған адамдардың тағдыры, құтқарушылар мен еріктілердің еңбегі, ең бастысы, ауқымды апат кезіндегі қазақстандықтардың бірлігі көрсетілген.
«Серт» фильмі көрерменге ең қиын сәттерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «зардап шеккен бірде-бір азамат көмексіз қалмайды» деген ұстанымды алға қойғанын еске салды. Мемлекет басшысы өңірлердегі жағдайды жеке бақылауда ұстап, эвакуациялау, материалдық көмек көрсету және тұрғын үйлерді қалпына келтіру жөнінде тапсырмалар берді.
Нәтижесінде зардап шеккен азаматтарға өтемақы төленіп, баспанасынан айырылған отбасылар үшін жаңа үйлер салынды және сатып алынды. Деректі фильм қиын сәтте қабылданған шешімдердің жергілікті жерде қалай жүзеге асқанын және адамдардың қалыпты өмірге қайта оралуына қалай ықпал еткенін көрсетеді. Осылайша қиын жағдайлардың хроникасы ел бірлігінің айғағына айналады.
Кей көрермен үшін фильмді тамашалау ерекше әсерлі болды. Солардың бірі — Берік Нұрмұхамбетов. Ол су тасқыны кезінде еріктілер қатарында болып, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсеткен. Сондықтан фильмдегі көптеген көріністі ол жай ғана тарихи хроника ретінде емес, өзі бастан өткерген оқиғаның бір бөлігі ретінде қабылдады.
— Бұл Қазақстан тарихының маңызды бөлігі. Оны есте сақтап, жас ұрпаққа көрсету керек. Мұндай деректі фильмдер оқиғаны баяндап қана қоймайды, патриотизмге тәрбиелейді, өзара көмек пен бірліктің маңызын көрсетіп, жастарды біріктіреді. Осындай кинолекторийлерді жиі өткізу қажет деп ойлаймын, — деді ол.
«Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі бұған дейін Астана, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Петропавл, Павлодар, Жезқазған және Көкшетау қалаларында ұйымдастырылған. Қостанай мерейтойлық жобаның өңірлердегі кезеңін қорытындылады. Жоба 25 қыркүйекте Алматы қаласында түйінделмек.