"HSBC Банк Қазақстан" ипотекалық заемдарды қайта қаржыландыруға 300 миллион АҚШ долларын бағыттамақ
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның атқарушы директоры Бақытжан Сәркеев пен HSBC банкінің Қазақстандағы еншілес банкінің басқарма төрағасы Саймен Мюнтер жылжымайтын мүлік нарығындағы қатысушыларды қолдау мақсатында,
яғни жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруда бірігіп жұмыс істеу үшін арнайы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Б. Сәркеевтің айтуынша, өзара түсіністік туралы меморандум аясында жеңілдікті талаптар бойынша несиелендіруге ене алмайтын заем алушылар HSBC банкі арқылы қаржы ала алады.
Атап айтқанда, Қазақстандағы HSBC банкі 120 шаршы метрден астам тұрғын үй алуға несие алғандарды жеңілдікті қайта қаржыландыруды ұсынуға дайын. Сонымен қатар олар тұрғын үй заем алушы азаматтың жалғыз баспанасы болуы міндеттерін талап етпейді.
С. Мюнтердің сөзіне қарағанда, банк 12,99 пайыздық ставкасы бойынша қайта қаржыландырады және ол 20 жылға есептелген. Банк қаржыландыру шараларына 300 миллион АҚШ долларын бағыттап отыр.