Хургада жағалауында батискаф апатқа ұшырап, төрт ресейлік мерт болды
АСТАНА. KAZINFORM - Хургада жағалауындағы суға батқан батискаф апатынан кем дегенде төрт ресейлік турист қаза тапты. Жолаушылардың көпшілігі құтқарылды, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлады ТАСС агенттігіне Ресейдің Хургададағы бас консулы Виктор Воропаев.

-Туристердің көпшілігі құтқарылды, олардың өміріне қазір қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ, өкінішке орай, төрт адам қаза тапты, - деді ол.
Мысырдың Al Youm as-Sabia ақпарат порталының хабарлауынша, апаттан алты адам қаза тауып, тағы тоғыз адам жарақат алған. Ресей бас консулдығы бұл ақпаратқа қатысты әзірге түсінік берген жоқ. Жергілікті билік оқиғаға қатысты тергеуді бастады.
Ресей бас консулдығы апат жағадан 1 шақырым жерде сағат 10:00-де (Мәскеу уақытымен 11:00) болғанын айтты. Бортта балаларды қосқанда барлығы 45 ресейлік турист болған.
Бірнеше адамның тағдыры қалай болары белгісіз. Қазірдің өзінде оқиға орнында Ресей дипломатиялық миссиясының қызметкерлері жүр.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Хургада жағалауындағы маржан рифін тексеруді қамтитын кезекті экскурсия кезінде болған.
Осыған дейін Мысырда туристер мінген Sea Story яхтасы суға батып кеткені туралы жаздық.