ХВҚ: Инфляциялық таргеттеу Қазақстанды қазіргі заманғы және тиімді басқарылатын экономикаға алып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Инфляциялық таргеттеу саясаты Қазақстанды қазіргі заманғы және тиімді басқарылатын экономикаға алып келеді. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Халықаралық валюта қорының Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдері департаментінің директоры Масуд Ахмед мәлім етті.
None
None

«Барлық алдыңғы қатарлы және дамыған экономикалар осындай шараларды қабылдайды, яғни бұл бағыттағы жұмыстар бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге негізделген. Сондықтан да Ұлттық банктің рөлі тұрақтылыққа кепілдік беруге байланысты болуда. Өйткені, баға шарықтап кеткенде алдымен ақшасы жоқ, кедей адамдар зардап шегеді. Атап айтқанда, инфляциялық таргеттеуге көшу бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету тұрғысында жақсы қадам деп бағалаймыз», - деді ХВҚ өкілі.

Оның пайымынша, осы тұрғыдағы шаралар ақша-несиелік саясатты басқарудағы жаңа әрі үздік әдіс болып табылады.

«Уақыт өте келе бизнесті құру үшін іскерлікпен айналасатын адамдарға бұл әдіс нақты белгілер беретіндігін байқайсыздар. Олар бизнесті бастау мен кеңейту бағытында банктерден қарыз алу үшін пайыздық мөлшерлемелер қандай болатындығын айқынырақ көретін болады. Яғни, бұл тұрғыда алдын ала жоспарлау мүмкіндіктері артып, қосымша жұмыс орындарын құруда қолайлы жағдайлар жасалады дегенді білдіреді. Ақша-несиелік саясатын басқару құралы болып табылатын инфляциялық таргеттеу жекелей саясат ретінде қарастырылмауы тиіс. Атап айтқанда, инфляциялық таргеттеу саясаты қазіргі заманғы және тиімді басқарылатын экономикаға алып келетін кең ауқымды реформа ретінде қабылдануы тиіс", - деді Масуд Ахмед.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ұлттық банкі мен Үкіметі 2015 жылдың 20 тамызынан бастап, инфляциялық таргеттеу режіміне, валюталық дәлізді алып тастауға және айырбас бағамын еркіндікке жіберуге көшуге негізделген жаңа ақша-несие саясатын жүзеге асыруға кірісу шешімін қабылдады.

Соңғы жаңалықтар