Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Иеннің әлсіреуі: пандемиядан кейін алғаш рет жапондардың шетелге саяхаты азаяды

АСТАНА. KAZINFORM – Жапониядан шетелге шығатын туристер саны биылғы жазғы демалыс кезеңінде 8,8 пайызға азайып, 2,17 млн адамды құрайды деп болжанып отыр. Бұл – пандемиядан кейін туризм қалпына келе бастаған 2023 жылдан бергі алғашқы төмендеу, деп хабарлайды Kyodo.

Иеннің әлсіреуі: пандемиядан кейін алғаш рет жапондардың шетелге саяхаты азаяды
Фото: Kyodo

JTB Corp. ірі туристік агенттігінің мәліметінше, бұған иеннің әлсіреуі мен шығындардың артуы әсер еткен.

Компанияның 15 шілде мен 31 тамыз аралығына жасаған болжамына сәйкес, саяхат құнының қымбаттауы туристерді Солтүстік Америка мен Аустралия сияқты алыс бағыттардан бас тартуға мәжбүрлеп отыр. Сонымен қатар инфляция жағдайында халықтың үнемдеуге көшуіне байланысты ішкі туризм де төмендеуі мүмкін.

Шетелге бір рет сапарлауға бір адам жұмсайтын орташа шығын 6,3 пайызға артып, 323 мың иенге, яғни шамамен 2 мың долларға жетеді деп болжанды.

Шетелдегі шығындардың өсуіне иенаның әлсіреуінен бөлек, Таяу Шығыстағы дағдарыс салдарынан авиациялық отын бағасының қымбаттауы және отынға салынатын қосымша алымдардың өсуі де әсер етіп отыр.

Әуе билеті салыстырмалы түрде арзан жақын елдерге сұраныс жоғары. JTB бағалауынша, ең танымал бағыттардың көшін 26,2 пайызбен Оңтүстік Корея бастап тұр. Одан кейін 16,2 пайызбен Тайвань келеді.

Премьер-министр Санаэ Такаичидің былтыр қарашада Тайваньға қатысты айтқан мәлімдемесінен кейін Токио мен Бейжің арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне байланысты Қытайға сапарлар саны өткен жылғы көрсеткіштің жартысына дейін азайып, 10,1 пайызды құрайды деп күтіліп отыр.

Жапония ішіндегі сапарлар саны өткен жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға төмендеп, 69 млн-ға жетеді деп болжанды. Ал бір адамның орташа шығыны 3,2 пайызға артып, 48 500 иенді құрайды.

Токио кіретін елдің шығысындағы Канто өңірі 19 пайыз көрсеткішпен ең танымал бағыт болады деп күтіліп отыр. Одан кейін Жапонияның батысындағы Кинки өңірі – 14,9 пайыз және елдің солтүстігіндегі Хоккайдо – 11,2 пайыз көрсеткішпен орналасқан.

Жалпы үрдіс тұрғындардың шығынға талғаммен қарай бастағанын көрсетеді.

– Демалыс мерзімін қысқарту сияқты тәсілдермен шығынын азайтатындар мен қымбат болса да, қалаған сапарына барғысы келетіндер арасында айырмашылық артып келеді, – деді JTB өкілі.

JTB бұл болжамды маусым айында аталған жазғы демалыс кезеңінде кемінде бір түнге сапарға шығуды жоспарлаған адамдар арасында жүргізілген онлайн сауалнама негізінде жасаған.

Айта кетейік, бұған дейін Жапонияда компаниялардың банкротқа ұшырауы 12 жылдағы ең жоғары деңгейге жеткенін жаздық.