ІІМ көлік құралдарына сенімхаттарды міндетті түрде тіркеуден бас тартпайтын болады

«Расында да, бүгінгі таңда елімізде көлік құралдарын басқаруға сенімхаттар тіркелуге міндетті. Біз ондай тіркеуден бас тарта алмаймыз. Оның өзіндік себептері де бар. Мәселен, осы жайында әңгіме болғанда Ресей мен Украина секілді елдердің тәжірибесі алға тартылады. Алайда, ол елдердегі халық саны есепке алынбай отырғанын еске салғым келеді. Қазақстанда 14 млн. халыққа 4 млн.-ға тарта автокөліктен тиеді. Яғни, еліміздегі ересектерінің әрқайсысында бір көліктен бар деген сөз», - дейді Е. Кененбаев. Оның айтуынша, Қазақстанда көлік құралына сенімхатты тіркеу алып тасталса, онда автокөлік иесін іздеуде көп қиындықтар туындайтын еді. Сондай-ақ, сенімхатты алып тастау жол-көлік оқиғасына қатысты нағыз кінәліні анықтау барысына да теріс әсерін береді.
«Біздің елімізде басқа елдерге қарағанда жол-көлік апаты шын мәнінде жыл сайын өршіп тұр. Ендеше біз бұндай жағдайда сенімхатты тіркеуді алып тастай алмаймыз. Егер біз бұл мәселені жүгенсіз өз жөнімен жіберсек, онда жағдай тіпті ушығып кетуі ықтимал. Сондықтан да біз көлік басқаруға қатысты сенімхатты тіркеуден бас тарта алмаймыз әрі бұған мәжбүрлі түрде барамыз. Сосын біздегі инфрақұрылым, біздің жолдарымыз, сондай-ақ жүргізушілердің менталитеті де бұндай міндетті тіркеуге мәжбүр ететінін еске салғым келеді», - деді Е. Кененбаев.
Тоқтала кететін жайт, құжатты талқылау барысында депутаттар көлік құралдарына сенімхаттардың міндетті түрде тіркеуден өтуі жүргізушілердің жұмысын қиындатынын айтқан еді. Сонымен қатар, тіркеуді жою туралы мәселені Мәжіліс депутаттары өткен жылғы Ішкі істер министрі алдында да көтерген еді. Бірақ, ол кезде министр Қалмұхамед Қасымов ведомствоның сенімхаттарды жоюға дайын еместігін, өйткені жол полициясына барлық көліктер мен олардың иелерінің есебін электронды базаға толық кіргізу үшін уақыт керектігін алға тартқан еді.
Сонымен қатар, Еуро одақ елдерінде, АҚШ-та, Ресейде, Украинада, Беларусьта, Балтық жағалауы елдерінде бұндай тіркеу мүлдем алынып тасталған және көлік құралын басқару үшін тек қана үш құжат - жүргізуші куәлігі, техникалық төлқұжат және сақтандыру полисі сұралады.