ИКҰ-ға төрағалығымыз Қазақ елінің халықаралық аренадағы салмағын арттыра түседі

АНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Табалдырығымыздан аттаған ағымдағы жылдың еліміз үшін басты ерекшеліктерінің бірі - Қазақстан Ислам конференциясы ұйымының тізгінін ұстайтын болады. Еліміз 2010 жылы қарт құрлықтағы ұйымдардың ішіндегі ең ірісі әрі күретамыры болып саналатын ЕҚЫҰ‑ға табысты төрағалық жасады. Енді міне Қазақ еліне Ислам конференциясы ұйымына жетекшілік ету сеніп тапсырылғалы отыр. ЕҚЫҰ-ның етек-жеңін жиып берген Қазақ елі үшін Ислам конференциясы ұйымына да төрағалық ету үлкен мәртебе, әрі іргелі ұйымдардың жұмысын ұйыстыра

ИКҰ-ға төрағалығымыз Қазақ елінің халықаралық аренадағы салмағын арттыра түседі

білетін Қазақстан үшін бұл төрағалық та мерейімізді одан сайын тасыта түсуі тиіс. Бұл ретте Қазақстан ең алдымен ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету барысында жинақтаған тәжірибелерін ИКҰ-да да пайдаланатындығын, мәдени-гуманитарлық қатынастағы бұған дейін өзі нақтылаған бағдарын тереңдете түсетінін бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Оның ішінде Қазақстан Батыс пен Ислам өркениеті арасындағы мәдени диалог көпірі рөлін арттыру ниетін ұстанбақ. Сондықтан да, Еуроазия құрлығындағы беделді ұйым - ЕҚЫҰ жетекшілігінен кейін қолға алынатын халықаралық аренадағы кезекті төрағалықтың Қазақстан үшін салмағы алғашқысынан бір мысқал да кем емес.

Жалпы, Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күнінен‑ақ бейбітшілік пен халықтар арасындағы сенімділікті күшейтуге бағытталған бірқатар игілікті жұмыстарды атқарып та, халықаралық қауымдастық алдында ондай игі мақсаттарға бастамашы болып та келеді. Бұдан бөлек, халықтың басым бөлігі ислам дінін ұстанатын ел ретінде Қазақстан мұсылман әлемімен де және оның ең басты органы болып табылатын Ислам конференциясы ұйымымен қарым-қатынастарды дамытуға айрықша мүдделілік танытқаны мәлім. Сондықтан да, бұған дейінгі сыртқы саясаттағы жетекшілік тәжірибелерді, атап айтқанда өзара келіссөздер жүргізу, нақты атқарылатын ортақ шешімдер қабылдау мен дипломатиялық үнқатысу тәжірибелерін беделді ұйымдағы басқосуларда қолданудан ұтары көп. Өйткені, қазіргі жаһандық қатерлердің алдын алу мен өркениет қауіптерінен сақтанудың өзара сауатты келісімдер арқылы һәм өзара түсінісе отырып, бірлесе күресу арқылы ғана шешімін табатынын халықаралық қауымдастық мойындап келеді. Осы тұрғыдан алғанда, ИКҰ‑ға қазақстандық төрағалықтың барысында жаңа мүмкіндіктердің жүзеге асырылатынына сеніммен қарайтындар баршылық.

Енді жер жаһандағы БҰҰ‑дан кейінгі ең үлкен ұйым саналатын Ислам конференциясы ұйымының қызметіне тоқталсақ. Халықаралық ұйым қызметі барысында өзіне мүше мемлекеттердің саяси-экономикалық және гуманитарлық мүдделерін ілгерілету жөніндегі ауқымды һәм көпжоспарлы жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Ислам әлемінің басты органы ретінде әлем­дік қоғамдастықта ерекше орын алатын Ұйым қазіргі таңда Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америка құрлықтарында өмір сүріп жатқан 1,5 мил­лиардтан астам тұрғыны бар 57 мемлекеттің басын қосып отыр. Ал Ресей, Босния мен Герцеговина және Таиланд секілді мемлекеттер ұйымға бақылаушы мәртебесін иеленген. Құрылу тарихына келетін болсақ, Ұйым 1969 жылы 25 қыркүйекте мұсылман мемлекеттері бастамасымен жасақталған болатын. Құрылғаннан кейінгі алғашқы жылдары «Ислам конференциясы форумы», «Бүкіләлемдік Ислам конференциясы» секілді аттармен де белгілі болды. Жалпы, сарапшылардың сөзіне қарағанда, Ұйымға мүше елдер жер шарының бестен бір бөлігін алып жатыр. Бұдан бөлек, мүше‑мемлекеттердің жалпы ішкі өнімі 2009 жылдың өзінде-ақ 7,5 триллион АҚШ долларын құраған. Әлемдік ауқыммен алып қарағанда Ұйым мемлекеттерінің табиғи ресурстары да өте бай саналады. Тау-кен байлығын өндіруде де ұйымға мүше елдер дүние жүзі бойынша үлкен беделге ие екен. Ал саяси мәселелерге келсек, ИКҰ бүгінгі күні халықаралық аренада белсенді рөл атқарып, дүниежүзілік геосаяси жағдайға да өзінің оң ықпалын тигізуде.

Діни емес, үкіметаралық ұйым саналатын ИКҰ‑ның негізгі мақсатына келер болсақ, оның саяси саладағы басты назарда ұстайтын негізгі мәселесі ‑ Палестина мен Израиль арасындағы текетірес пен палестиналықтардың жағдайына алаңдаушылық. Сондай‑ақ мұсылман елдерінің өзара қа­рым-қатынастарын тереңдете түсіп, нәсілдік кемсітушілікті және отарлаудың барлық түрлерін жою, әділдікке негізделген халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін қажет шараларды қолдану, ислам үшін қасиетті саналатын жерлерді қорғау және мү­ше мемлекеттер арасындағы ынты­мақ­тастықты қолдау, саяси-эконо­микалық, әлеуметтік-мәдени және ғылыми салаларда ынтымақ­тас­тықты бекіту.

Бұл ретте Ұйымға мүше барлық мұсылман елдері 1969 жылдан бері өтіп келе жатқан мәжілістерінде Израиль тарапынан Палестина мен Ливанның басып алған жерлерін және Сирияның Голан қырқаларын азат етуін талап етіп келетінін еске салған да орынды. Сонымен қатар Ұйым жерге және этносаралық мәселелерге байланысты туындап отыратын шиеленісті жағдайларды да қарастырады. Бұған қоса халықаралық лаңкестікке, өңіраралық немесе жергілікті жанжалдарға, қақтығыстарға, сондай-ақ осы мәселедегі БАҚ жұмыстарына да назар аударып отырады. Мәселен, соңғы кездері әлемде, оның ішінде Еуропа елдерінде ерекше етек жайған исламофобия мен этнофобия мәселелеріне де ИКҰ дер кезінде назар аударып келеді. Франциядағы хиджабқа, Швейцариядағы мешіт мұнараларының құрылысына және Дания газеттеріндегі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жайлы келемеж суреттерге байланысты Ұйым атынан тиісті қарарлар мен үндеулер қабылданған. Ұйым хатшылығында исламофобия және адам құқығымен арнайы айналысатын комитеттер де жұмыс істейді. Саяси мәселелерімен қатар, Ұйым әл­еуметтік-экономикалық, ғылыми-тех­никалық, мәдени сипаттағы түрлі мәселелерді шешумен айна­лы­сып келеді.

Ал Қазақстан 1995 жылы Ислам конференциясы ұйымына мүшелікке кіріп, ұйым­ның көпқырлы қызметі мен іс-шара­ларына белсене араласып, оның әлемдік қоғам­дастық алдын­да­ғы беделінің өсуі мен ислам әлемі­нің абы­ройлы форумы ретінде бұ­дан бы­лай да нығая беруі­не атса­лысып ке­леді. Сондай‑ақ Қазақстан ең алдымен исламды бейбітшілік пен ілгерілеушілік діні ретінде таныту барысында ИКҰ мұсылман әлемінің тиімді әрі беделді форумы болып қайта өрлеуін қолдайтын болады. Ал 2011 жылғы төрағалық ету Қазақстанға Ислам және Батыс әлемдері арасындағы дәнекер рөлін нығайтуға, құндылықтарды біріктіріп, түрлі салада тәжірибемен алмасу үшін жағдай туғызуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде халықаралық қауіпсіздікті нығайту, экономикалық ынтымақтастықты дамыту, татулық пен мәдениет әралуандығын сақтау және өркениеттер арасында диалогты дамыту мәселелерінде Ислам конференциясы ұйымының әлеуетін пайдалану маңызды болып табылатынын естен шығармаған маңызды.

Ал Қазақстанның Ұйымға төрағалыққа сайлануына келетін болсақ, бұның өзі әлемдік мұсылман қауымдастығының елге деген зор сенімі, республикада жүзеге асып жатқан шараларға берілген жоғары бағасы деп қараған ләзім. Бұл ретте ұлтаралық татулық пен кон­фессияаралық келісімді қамтамасыз етудегі елеулі жетістіктері үшін Қазақстанның төрағалығынан тың бастамалар күтілетіні де айқын. Өйткені, діндер мен халықтар ара­сында үнқатысуды дамыту қазіргі заманның ең маңызды шарты һәм уақыттың зор талабы болып отырғаны шындық. Бұдан бөлек, Қазақстан үшін толеранттылық қағидаты - саяси мәдениеттің нормасы ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қағидат болып саналады. Сондай-ақ Қазақстанның алпауыт ұйымға төраға болуы әлем мемлекеттері алдында беделін арттырып қана қоймай, жоғарыда айтқанымыздай Батыс дүниесі мен Ислам әлемін байланыстыратын, ымыраластыратын алтын көпірге айналмақ. Бұған тағы бір дәлел Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезіндегі қызметі барысында ксено­фо­бия мен исламофобия, нәсілдік кемсітушілік нашақорлыққа қарсы тұру мәселелері бойынша ИКҰ мен ЕҚЫҰ арасында кеңінен ынтымақ­тастық орнатуға мүдделілік байқатып еді. Дәл осы мәселеге қатысты пікірталас алаңдарында да әңгіме өрбіген болатын. Мәселен, ЕҚЫҰ‑ның Астана Саммиті аясындағы Шолу конференциясы барысында миграция мәселелері сөз болғанда да дәл осы сауалдар көлденеі тартылғаны белгілі. Атап айтқанда, «Құқықтық Қазақстан үшін» қоғамдық бірлестігі азаматтық қозғалысының төрағасы Михаил Дәуенов мигранттардың тең құқылығына тоқтала келе, дамыған елдерді Қазақстаннан үлгі алуға шақырды. «Өйткені, біріншіден Қазақстан мұсылман мемлекеті болғандықтан мигранттардың негізін де мұсылмандар құрады. Оның үстіне бұнда жағдайдағы мұсылмандардың негізгі бөлігі Кеңес одағы тұсында бізбен қандас, бауырлас болған мемлекеттерден еді. Екіншіден, Қазақстан өз аумағы арқылы Ресей мен Еуропаға миграция ағынын транзиттік өткізуді жүзеге асыруда. Қазақстан осы арнаны ашты әрі бұл арна кедергісіз жұмыс істеуде. Бұл тұрғыдан бізге тағар кінә да болмауы керек. Алайда, Ресей мен басқа да Еуропа елдері миграциялық ағыннан тек экономикалық сипаттағы мәселелерге ұрынып қойған жоқ, әлеуметтік проблемалары ушығып кетті. Сонымен қатар, бұл елдердің азаматтық қоғамы мұсылман мигранттарын қабылдай алмай отыр. Олар тілі, діні, мәдениеті бойынша қабылданбай келеді. Яғни, бұл мемлекеттерде мұсылман топтарының жер шарының басқа да адамдары ретінде өмір сүретін ұяшықтары қалыптаспаған. Алайда, халықаралық нормаға сәйкес, әрбір мигрант дініне, сеніміне қарамастан, әлемнің кез келген нүктесінде өмір сүруге, көшуге және сол елдің заңнамасында қамтылған құқықтарды иеленуге құқылы болуы шарт», ‑ деген еді бірлестік төрағасы.

Яғни, М. Дәуенов ЕҚЫҰ назарын азиялық кеңістікке аудару қажеттгін айтып, «мұсылмандық пен демократияның үйлесімді екендігін, осы екі мәселенің бір ортада, кез-келген мемлекетте, жаһанның кез-келген нүктесінде қатар өмір сүре алатынын өзара түсіну қажеттігін» алға тартқан болатын. Бұл бүгінгі жаһаннан туындаған бір ғана мәселе. Десе де, аталмыш мәселе - нағыз назар аударып, халықаралық қауымдастықты мойындата отырып, шешім қабылдауды қажет ететін мәселе.

Ал енді әдеттегіше, «кезекті ұйымға төрағалық ету Қазақстанға не береді?», дегенге келейік. Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай сөзсіз Қазақстанның беделін көтереді. Батыс пен Ислам өркениеті арасында өркениеттерінің де бір ар­нада дамуына мүмкіндік жасап, өз ұстанымын одан сайын нықтай түседі. Екіншіден, Еуропадан алары бар Қазақстанға Ислам әлемінен де алатыны жоқ емес. Бұл ретте ең алдымен елдің рухани байлығын алға тартуға болады. Ислам елдерімен ынтымақтастықты дамыта отырып, елдегі рухани азықты өрістетудің жағдайы туары сөзсіз.

Сөз соңында ИКҰ‑ға төрағалық барысында атқарылуы жоспарланған шараларға тоқталсақ. 2011 жылғы 7-9 маусым күндері Астана қаласында VII Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумы өтетіні жоспарланып отыр. Сонымен қатар Қазақстан төрағалық барысында Ұйымға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің 38-Кеңесін, 7- Әлемдік исламдық экономикалық форумын, «ТМД елдеріндегі Ислам ролі» атты халықаралық конференцияны және басқа да ірі шаралар өткізуді жоспарға салған. Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына төрағалығының қарсаңында Ұйым хатшылығы қазақстандықтарды бүгінде мұсылман әлемін толғандырып отырған мәліметтермен, Ұйымға мүше мемлекеттердің алдарына қойылған міндеттермен, өзекті халықаралық проблемаларды шешуге қосқан Ұйымның үлестерімен таныстыруды маңызды деп санайтынын мәлімдеген еді. Осыған байланысты тараптар жылдың соңына дейін осы бағытта бірқатар бірлескен шаралар жүзеге асырмақ.