Ым-ишара тілін толыққанды заңнамалық деңгейде тану керек — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Екатерина Смолякова Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында инклюзивті ортаны қалыптастыруға қатысты мәселені көтерді. 

язык жестов
Фото: Unsplash

— Жыл сайын елімізде мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары бұзылуына байланысты құқық қорғау органдарына 45 мыңнан астам өтініш түседі. Бұл — жай статистика емес. Бұл — қоғамнан шет қалып отырған адамдардың дауысы. Бүгін естімейтін, сөйлей алмайтын азаматтардың мәселесін көтергім келеді. Бүгінде елімізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам бар. Оның 5 мыңға жуығы — балалар. Олар үшін ым-ишара тілі — жай қарым-қатынас құралы емес. Бұл — олардың әлеммен байланысы. Бұл — олардың тілі. Бірақ мәселе мынада: Қазақстанда ым-ишара тілі әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде мойындалмаған. Салдарынан мыңдаған азамат ақпаратқа, білімге, жұмыс істеуге, мемлекеттік қызметтерге толық қол жеткізе алмай отыр. Бұл — тең мүмкіндік мәселесі. Мысалы, бүгінде жоғары оқу орындарында осы санаттағы студенттердің саны небәрі 185 адам. Неге? Себебі орта бейімделмеген. Қолжетімділік әлсіз. Қолдау жеткіліксіз, — деді Екатерина Смолякова.

Оның айтуынша, Әлеуметтік кодексте ымдау тілі тұлғааралық қатынас құралы ретінде танылмаған. Нәтижесінде, ым-ишара тілі дербес қарым-қатынас тілі ретінде қарастырылмай, тек сурдоаударма қызметі аясында қарастырылады, яғни мемлекет сурдоаудармашының қызметін ғана мойындап отыр.

— Әлемдік тәжірибе мүлде басқа. Жаңа Зеландия ым-ишара тіліне мемлекеттік мәртебе берді. Финляндия оны Конституцияда бекітті. Көптеген елде ымдау тілі білім беру мен мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігіне айналған. Тағы бір маңызды мәселе — толыққанды инклюзивті қоғам құрамыз десек, онда қазақтың ым-ишара тілін қатар дамытуымыз керек. Ал бізде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға сабақ беретін сурдопедагогтардың саны небәрі 221 маман ғана. Бұл мамандарды елімізде тек 4 жоғары оқу орны дайындайды. Ал осы мамандықта оқып жатқан студенттер саны — бар болғаны 35 адам. Бұл — кадр тапшылығының нақты көрінісі, — деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, қазір есту қабілеті бұзылған азаматтарға жылына тек 60 сағат сурдоаударма қызметі беріледі. Бұл бір жылға жетпейді. Тіпті, күнделікті өмірге де жетпейді.

— Ауруханаға бару бар. Мемлекеттік қызмет алу бар. Оқу. Жұмыс. Қоғамдық өмір бар. Ал біз бір жылға 60 сағатпен шектеп отырмыз. Тағы бір мәселе — ақпараттық қолжетімділік. Телеарналар тәулігіне сурдоаудармамен немесе субтитрмен тек жаңалықтар бағдарламасын көрсетуге міндетті. Оның өзі көбіне сағат 16:00 мен 22:00 аралығында ғана көрсетіледі. Бірақ адамға тек жаңалық жеткіліксіз ғой. Білім керек. Мәдениет керек. Қоғамдық өмірге араласу керек. Ал бүгінде көптеген подкасттар, сұхбаттар, деректі фильмдер, театрлар мен музейлер есту қабілеті бұзылған азаматтар үшін әлі де қолжетімсіз, — деді Екатерина Смолякова.

Осы орайда депутат Үкіметке мына ұсыныстарды жасады:

— ым-ишара тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заңнамалық деңгейде тануды;

— оның білім беру, медицина, сот, мемлекеттік қызмет және БАҚ салаларында қолданылуына нақты кепілдік беруді;

— сурдоаударма қызметінің лимитін қайта қарауды;

— сурдоаудармамен және субтитрмен берілетін контент көлемін арттыруды;

— сурдопедагог мамандарын даярлау көлемін ұлғайтуды.

Бұған дейін есту қабілеті бұзылған балаларға арналған онлайн-видео ым-ишара тілі сөздігі шығатынын жазған едік.

Бірнеше жыл бұрын ғалым қазақша ым-ишара тілін танудың интеллектуалды жүйесін ойлап тапты.