Индиан-Уэллс мастерс турнирі: Александр Бублик камбэкпен үшінші айналымға шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Индиан-Уэллс (АҚШ) мастерс турнирінің үшінші айналымына жолдама алды.
Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін әлемнің 62-ракеткасы, чехиялық Вит Копривамен өткізді.
Бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте чехиялық спортшы брейк жасап, сол басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3.
Екінші сетте тай-брейкте Бублик сәтті ойнады – 7:6 (7:3).
Үшінші, шешуші партияда Александр 4:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді - 6:2.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде Бублик 10 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың тек үшеуін пайдаланды. Коприва 8 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик төртінші айналымға шығу үшін рейтингіде 117-орындағы аустралиялық Ринки Хидзикатамен таласады. Ол екінші айналымда сенсация жасап, әлемнің 21-ракеткасы, италиялық Лучано Дардериді жеңіп кетті – 4:6, 6:2, 6:4.
А.Бублик өткен жылы алғашқы айналымнан аса алмаған еді. Биыл сол көрсеткішін жақсартты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Индиан-Уэллс турнирінде Анна Данилинаның келесі айналымға өткенін жазған едік.
Сонымен қатар Индиан-Уэллс турнирінде Елена Рыбакина жарыс жолын жалғастырады.