Индонезия жағалауында жоғалған кеме табылды: 110-ға жуық адам құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM- Бұған дейін Ява теңізінде байланысқа шықпай қалған Индонезияның жолаушылар кемесі туралы ақпарат тараған еді, деп хабарлайды Синьхуа.
Кеме Шығыс Ява провинциясындағы Сурабаядан Оңтүстік Калимантан провинциясындағы Банджармасинге бет алған.
Оңтүстік Калимантан іздеу-құтқару қызметінің мәліметінше, сапар барысында кеме экипажы ауа райының қолайсыздығы туралы хабарлаған. Жергілікті уақыт бойынша жексенбі күні сағат 02:00 шамасында кемемен байланыс үзілген.
Кеменің соңғы рет Банджармасиндегі іздеу-құтқару қызметінің базасынан шамамен 80 теңіз милі қашықтықта тіркелген.
Оқиға орнына іздеу-құтқару тобы жіберілді. Операцияға теңіз билігі, әскери-теңіз күштері және су полициясы да тартылды.
Кейін кеме табылды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 110-ға жуық адам құтқарылды. Бір жолаушының қаза тапқаны расталды.
Оқиғаның себебі әзірге белгісіз.
Бұған дейін бортында 240-қа жуық адамы бар Индонезия жолаушылар кемесі қолайсыз ауа райына тап болғаннан кейін Ява теңізінде байланысқа шықпай қалғаны туралы жазған едік.