Индонезияда Дуконо жанартауы атқылағаннан кейін 20 турист жоғалып кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Индонезиялық құтқарушылар Дуконо жанартауы атқылаған аймақта қалған 20 туристі іздеу операциясын жүргізіп жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

жанартау
Фото: видеодан алынған скрин

Жанартау 8 мамыр күні таңертең Хальмахера аралы аумағындағы Солтүстік Малуку провинциясында атқылаған.

Елдің вулканология агенттігінің мәліметінше, күл бағаны 10 шақырым биіктікке дейін көтерілген. Бұл соңғы уақыттағы ең қуатты атқылаулардың бірі болған.

Іздеу операциясына ондаған құтқарушы мен полиция қызметкері жұмылдырылды. Қауіпті аймақта қалған туристердің тоғызы – Сингапур азаматтары, қалғандары Индонезия тұрғындары.

Жанартаудың белсенділігі сақталып отырғандықтан, билік тұрғындар мен туристерге кратерге 4 шақырымнан жақын бармауға кеңес берді.

Сонымен қатар мамандар жанартау маңында қатты жаңбыр жауған жағдайда лай көшкіні жүруі мүмкін екенін ескертті.

Дуконо жанартауы Тынық мұхиты және Аустралия литосфералық плиталары түйіскен аймақта орналасқан.

Еске сала кетсек, сәуір айында Индонезияда қайта оянған Семеру жанартауы 4 рет атқылағанын жаздық.