Индонезияда ұшақ өртеніп, ұшқыш қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Индонезияның Папуа аймағында белгісіз адамдар ұшақты өртеп жіберіп, салдарынан америкалық ұшқыш қаза тапты, деп хабарлайды Анадолы.
Ұшақ Папуа-Хайлендс провинциясынан шалғай орналасқан ұшу-қону жолағында өртенген. Алдын ала мәлімет бойынша бортта ұшқыштан бөлек 7 жолаушы болған. Әзірге олардың арасында зардап шеккендердің бар-жоғы хабарланған жоқ.
Индонезия билігі оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Шабуылға өңірдегі сепаратистік қарулы топтардың қатысы бар-жоғы ресми түрде расталмады. Билік оқиғаның нақты себебі әлі анықталмағанын мәлімдеді.
Елдің көлік министрлігі Вамена әуежайы әкімшілігінің басшысынан алдын ала есеп алғанын хабарлап, АҚШ азаматы, ұшқыш Николас Госселиннің қаза тапқанын растады. Министрлік тергеушілер мен тиісті мемлекеттік органдар оқиғаның мән-жайын анықтап, шабуылдың қалай болғанын тексеріп жатқанын мәлімдеді.
Ұшақпен байланыс бейсенбі күні таңертең қонғаннан кейін көп ұзамай үзілген.
Ұшу-қону жолағы орналасқан Яхукимо аудандық полициясының басшысы Зет Салиноның айтуынша, ұшақты қарулы қылмыстық топ мүшелері өртеп жібергені туралы ақпарат түскен. Оның сөзінше, бұл аймаққа тек әуе арқылы жетуге болатындықтан, билік өкілдері жағдайды бірден тексере алмаған.
Kompas телеарнасының хабарлауынша, шабуылға, оның ішінде ұшқыштың қазасына жауапкершілікті Батыс Папуаның Ұлттық азаттық армиясы (TPNPB) өз мойнына алған.
Әзірге АҚШ тарапы бұл оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Айта кетейік, Малиде қарулы топтар елдің бірнеше өңірінде бір мезгілде үйлестірілген шабуылдар ұйымдастырды.