Индонезиядағы 5,1 балдық жер сілкінісінен бір адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Индонезиядағы Орталық Сулавеси провинциясында магнитудасы 5,1 болатын жер сілкінісінен кейінгі эвакуация кезінде бір адам мерт болды. Табиғи апаттан тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға зақым келіп, кейбірі қирады, деп хабарлайды Анадолы.
Индонезияның метеорология, климатология және геофизика агенттігінің хабарлауынша, тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттардың зақымдануына байланысты тұрғындарға қауіпті аймақтардан эвакуациялану ұсынылды.
Эвакуация барысында ауруханада ем қабылдап жатқан бір науқас көз жұмды.
Билік эвакуацияланған тұрғындарға арналған уақытша баспаналар ұйымдастырып, келтірілген шығын көлемін бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Осыған дейін Индонезия жағалауында магнитудасы 6,7 жер сілкінісі тіркеліп, кейін бірқатар күшті афтершок болды.