Индонезияның ірі компаниялары ERG және Қазмұнайгазбен келіссөз жүргізіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан мен Индонезия арасындағы тауар айналымы 700 миллион доллардан 400 миллион долларға дейін төмендеген. Арадағы сауда қарқынын қайта жандандыру жолдары туралы Индонезияның Қазақстандағы және Тәжікстандағы елшісі Мохамад Фаджрул Рахман айтып берді.
Елшінің айтуынша, 2022 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 700 миллион долларды құраса, 2024 жылы – геосаяси ахуалға байланысты 400 миллион долларға дейін төмендеген.
– Қазіргі уақытта Қазақстан, Ресей, Армения және Қырғызстан кіретін Еуразиялық экономикалық одақ пен Индонезия арасындағы еркін сауда жөніндегі меморандумға қол қоюды күтіп отырмыз. Осылайша, энергетика, мұнай, газ, технологиялар мен цифрландыру салаларындағы тауар айналымын арттыра аламыз, – деді елші Мохамад Фаджрул Рахман Астанада «Ғажайып Индонезия» мәдени-дипломатиялық кешінде.

Қазіргі уақытта Қазақстан мен Индонезия арасында энергия, мұнай, цифрлық технологиялар салаларында меморандумдар, сондай-ақ инвестициялар жөніндегі келісімдер бар. Оған Қазақстан мен Индонезиядағы инвесторларды қорғау тетіктері де кіреді.
– Әсіресе Индонезияға мұнай қажет. Қазір Қазақстан тарапынан “Қазмұнайгаз” бен Индонезияның “Pertamina” компаниялары арасында инвестициялық жоба тарту үшін келіссөздер жүріп жатыр. Сонымен бірге, минералдар саласында да ынтымақтастық мәселелері қарастырылуда. Индонезияның тау-кен саласындағы ірі холдингі MIND ID Қазақстандағы ең ірі тау-кен компаниясы – Eurasian Resources Group (ERG) компаниясымен әріптестік орнатып жатыр, – деп толықтырды Мохамад Фаджрул Рахман.
Айта кетейік, елордада Индонезия Республикасының Тәуелсіздігінің 80 жылдығына арналған «Ғажайып Индонезия» дипломатиялық-мәдени кеші өтті.
https://kaz.inform.kz/news/indoneziya-tauelszdgne-80-zhil-astanada-gazhayip-indoneziya-kesh-ott-56e0da/
Бұған дейін дипломат Индонезияның Қазақстан азаматтарына визасыз режим енгізетінін хабарлаған еді.