Индустрияландыру бағдарламасы Ақтөбе кәсіпорнының қуаттылығын екі есеге арттырды (ФОТО)

АҚТОБЕ. ҚазАқпарат - ҮИИД Мемлекеттік бағдарламасының бірінші бесжылдығы аясында облыста 552,7 млрд. теңгенің 71 жобасы жүзеге асып, 6,6 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Индустрияландыру бағдарламасы Ақтөбе кәсіпорнының қуаттылығын екі есеге арттырды (ФОТО)

Солардың бірі үй құрылысына қажетті плиталарды шығаратын «Стройдеталь» ЖШС. Өндіріс ошағы 2013 жылы іске қосылды. Өнімді шығаруда мұнда германиялық «Weiler» фирмасының технологиясы пайдаланылады.

«Қазақстанның батыс өңірлерінде біздің өнім үлкен сұранысқа ие және тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыруда пайдаланылады», деді өндіріс директоры Анатолий Симонов.

Өндірісті іске қосу кәсіпорын қуаттылығын екі есеге, яғни 22950 текше метр бұйымға дейін ұлғайтты. Тұрғын үй ғимараттары мен құрылымдардың сапасы жақсарды.

Атап өтейік, Ақтөбе облысында 2015 жылы 9,3 млрд. теңгенің 8 жобасы жүзеге асып, 689 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Бірінші жартыжылдықта 3 жоба жүзеге асты: «Игданит» ЖШС әктас өндіретін зауыт, «Каспий плюс» ЖШС өндірістік-өнеркәсіптік кешен және «Ново-Альджанский мелькомбинат» ЖШС макарон фабрикасы.

7,9 млрд. теңгенің қалған 5 жобасы жыл соңына дейін іске қосылады. Осылайша, 500 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Олардың басым бөлігі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылатын болады.