Индустрияландыру картасының арқасында Қостанай облысында «Сарыағаш» ЖШС ірі тауарлы сүт фермасының екінші кезегі іске қосылмақ
АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Биылғы жылдың қазан айында Қостанай облысында 1 250 бас сауын іріқара малын ұстауға есептелген «Сарыағаш» ЖШС ірі-тауарлы сүт фермасының екінші кезегі іске қосылмақ.
Бұл туралы «ҚазАгро» холдингінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл жоба үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып, Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған Индустрияландыру картасына енгізілген.
Аймақтың АӨК үшін маңызды жобаның бірінші кезеңі өткен жылдың соңына қарай аяқталған болатын, осы кезде «ҚазАгроҚаржы» компаниясы бөлген қаражатқа заманауи сиыр қорасы, сауу залы тұрғызылып, қажетті техника мен жабдықтар, соның ішінде сиыр сауу қондырғысы Agralis GmbH (Германия) компаниясынан сатылып алынған болатын. Бүгінгі таңда ферманың 600 бас сауын малы бар. Өндірілген сүтті кәсіпорын сүтті өңдейтін екі зауытқа тапсырады. Кешеннің екніші кезегінде екінші сиыр қора мен бұзау қорасы салынады. . Жобаға республикада ірі-тауарлы сүт фермаларының желісін құруды жүзеге асыратын «ҚазАгро» ұлттық холдингі әзірлеген инвестициялық бағыт аясында бұл 616 млн. теңге көлеміндегі инвестицияны «ҚазАгроҚаржы» қаржыландырады. Сонымен бірге, бұл аптада лизингілік компания ферманы қажетті техникалар - телескопиялық жүк тиегіш, жемшөп жинайтын комбайн, шөп буып-тайлайтын қондырғы пен трактор сатып алуға қаржы бөлуге шешім қабылдады.
Айта кету керек, 2007 жылдан бастап, «ҚазАгроҚаржы» сүтті мал шаруашылығында ілкі жобаларды қаржыландыра бастаған кезде, жалпы өндірістік қуаты жылына 58 800 тонна сүт өндіретін 12 ірі ферма іске қосылған болатын. Осы жобаларды іске асыру барысында республикаға 5 мыңнан астам асыл тұқымды сүтті іріқара малы әкелінді. Қазіргі кезде компания қолданыстағы фермаларды жаңғырту мен ірілендірумен қатар, жаңа өндірістер құруды да көздейтін тағы да 10 жобаны мақұлдады. Мұндай жобалардың қатарында - СҚО-да "Зенченко және Компания" КС фермасында сүтті өңдеу зауытын құру, Павлодар облысында "Иртышское" ЖШС-да 200 бас малға арналған қолданыстағы сүт фермасын жаңғырту, Қостанай облысында «Бек» ЖШС үшін 1 200 бас іріқара малына арналған кешен тұрғызу жоспарланпан. .
«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ деректері бойынша, тауарлы-сүт фермаларында 2011 жылы 39 028,5 тонна сүт өндірілген, бұл Қазақстан Республикасындағы сүт өнімдерінің импортқа тәуелділік деңгейінің 5%-ын құрайды. Бүгінгі таңда ұлттық холдингтің инвестициялық қоржынында тауарлы-сүт фермаларын құру бойынша жалпы құны 25,8 млн. теңгеге 23 жоба бар.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ еліміздің ауыл шаруашылығындағы 14 инвестициялық бағыттың операторы болып табылады. Лизингілік компания республикада ірі-тауарлы сүт фермаларының, ет бағытындағы құс фабрикаларының, жылыжай шаруашылықтарының, көкөніс қоймаларының, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру өндірістерінің, мал бордақылау алаңдарының, етті қайта өңдеу кешендерінің, асыл тұқымды шаруашылықтардың (репродукторлардың), сойыс пункттерінің желілерін құру бойынша перспективалы жобаларды қаржыландырады.