Инфляция 2% төмендесе, базалық ставканы сол мөлшерде төмендетуге дайынбыз — Сүлейменов
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк базалық мөлшерлемені инфляцияның төмендеуіне пара-пара төмендетуге дайын. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
— Инфляция төмендеген сайын базалық мөлшерлемені төмендетеміз. Осы екі көрсеткіш бір-бірімен тығыз байланысты. Нақты формула жоқ. Мәселен, инфляция 2 пайызға төмендесе, басқа факторларға қарамастан базалық мөлшерлемені 2 пайызға төмендетуге дайынбыз, — деді Тимур Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифингте БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлеме максималды түрде қанша болуы мүмкін екенін айтқан болатын.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п. т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.