Интернет алаяқтары ақмолалықтың депозиттегі 5,5 млн теңгесін шешіп алды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Интернет алаяқтары 69 жастағы ақмолалық зейнеткердің депозит шотындағы 5,5 млн теңгені шешіп алған. Алаяқтар қылмыстық әркетін жүзеге асыру үшін зейнеткерге үш рет қана телефон шалған.

Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жәбірленушіге алаяқтар алғаш рет 26 қаңтарда сағат 12:00 шамасында қоңырау шалған. Өзін ұялы байланыс компаниясының қызметкері ретінде таныстырған алаяқ қазіргі уақытта абоненттік нөмірлерді қайта тіркеуден өтіп жатқанын және бір сағат ішінде процедураны жүргізу қажет екенін, әйтпесе нөмір жұмыс істемейтінін айтып сендірген. Әйел шетелдегі балаларымен байланыссыз қалмауы үшін шарттарға бірден келіскен. Смс арқылы келген кодты алаяқтарға берген.
Арада 15 минут өткеннен кейін алаяқтар тағы қоңырау шалған. Бұл жолы өздерін Халық банкінің өкілі ретінде таныстырған. Әйелді қолда бар банк картасын жаңарту қажеттігін айтып сендіреді.
Жәбірленушіні оңай алдауға болатынын түсінген алаяқтар оның телефонына «Кенгуру» қосымшасын орнатуды сұрайды. Алаяқтардың айтқандарын мүдіртпестен орындаған әйел депозит шотындағы ақшасынан айырылғанын білмеді. Келесі күні ғана шоттын тексерген кезде депозиттегі 5,5 млн теңге ақшасының ұрлағанын түсініп, полицияға арызданды.
«Қазіргі уақытта Ақкөл аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері осы дерекке қатысты алаяқтарды анықтау бойынша қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде»,- деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында ер адам жұмыс орнынан 34 млн теңге жымқырғанын жазған едік.