Инвестициялық жобалар: Жаңадан 188 мың жұмыс орны құрылады

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңадан құрылған Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға 1160-тан астам жоба жүктелді. Осы жобалар аясында шамамен 188 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Бұл туралы Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары Арман Ақсубаев мәлімдеді.

Инвестициялық жобалар: Жаңадан 188 мың жұмыс орны құрылады
Фото: Kazakh-tv.kz

— Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп, ақпараттық қауіпсіздікке сенімділігін растап, 2024 жылғы 17 желтоқсанда пайдалануға енгізілді. Қазіргі уақытта Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада 1160-тан астам инвестициялық жоба жүктелген. Олардың жалпы сомасы шамамен 49 трлн теңге. Осы жобалар аясында шамамен 188 мың жұмыс орнын құру жоспарланған, - деді ол. 

Спикер бұл жобалар «жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулын» қалыптастыратынын атап өтті. 

— Жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулы аясында жыл соңына дейін құны 5,5 трлн теңге болатын 379 жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінде Платформаға келесі қатысушылар қол жеткізе алады: жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік ұйымдар, Үкімет аппараты, Бас прокуратура, «Атамекен» ҰКП. Бұл мониторингінің ашықтығын қамтамасыз етеді және мемлекеттік органдар қызметі кешігуінің алдын алуға бағытталған, - дейді Арман Ақсубаев.

Айта кетейік, елімізде инвесторларды қолдаудың жаңа тетіктері әзірленді. Атап айтқанда «Жасыл дәліз» жүйесі мен цифрлық платформа іске қосылды.

Соңғы жаңалықтар