Инвесторлардың құқығын қорғау комитеті экономикалық өсімнің жүйелі құралына айналады – Берік Асылов
АСТАНА. KAZINFORM – Бас прокурор Берік Асылов 2025 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылай келіп, заңсыз иемделген активтерді қайтару жөніндегі комитеттің орнына құрылған жаңа органның мемлекетке тигізетін пайдасына тоқталды.
- Қадағалау және тергеу органдары қызметін үйлестіру шараларының нәтижесінде бизнеске қатысты басталған қылмыстық істер саны екі есеге азайды. Инвесторлардың құқығын қорғау комитетін құру арқылы бұл бағыттағы жұмыс жаңа деңгейге шығып, ол инвестициялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және экономикалық өсімді күшейтудің жүйелі құралына айналады, - деді Берік Асылов.
Бас прокурор инвестициялық жобаларды заңсыздықтардан қорғаудың нақты мысалдарына тоқталды.
- Мәселен, Маңғыстау облысының прокуратурасы «Aktau Mall» ЖШС инвесторының өтінішін қарап, инфрақұрылым тартуға және нысанды пайдалануға беруге байланысты 3 проблеманы шешті. Қабылданған шаралар 20 млрд теңге көлеміндегі инвестиция тарту арқылы 1 500 жұмыс орнын құруға бағытталған. Астана қаласының прокуратурасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Orbis Heavy Machinery» ЖШС-мен KIA брендіндегі арнайы автокөліктерді шығару жөніндегі келісім жасасуына құқықтық сүйемелдеу ұйымдастырды. Жоба аясында инвестиция көлемі 5,5 млрд теңгені құрып, 150 жұмыс орны құрылатын болады. «Almaty Museum of Arts» ҚҚ инвесторының өтініші бойынша Алматы қаласының прокуратурасы уәкілетті органның заңсыз әрекеттерінің жолын кесті. Аталған орган рұқсаттың болуына қарамастан абаттандыру жұмыстарын заңсыз тоқтатып, ағаш кесуге арналған құралдарды алып қойған, - деді ол.
Бұған дейін прокуратура жеке сот орындаушыларының жасырған табысын анықтап, қосымша салық өндіргенін жазған едік.